Без категории

Сауықтыру лагерьлерінде демалушылар Астананың туған күнін атап өтеді

 

Таза ауада асыр салып ойнап жүрген мына жеткіншектер жаз мезгілінде уақыттарын тиімді өткізу үшін “Ақ қайың” балалар сауықтыру лагеріне демалуға келген. Барлығы – 210 бала. Яғни, бұл – екінші маусым. Мұнда әр ауысымның өз атауы бар. Біріншісі “Ертегілер әлеміне саяхат”, ал  осы жолғысы “Мен патриотпын” деп аталады. Бұл лагерьдегі демалушылар да елордамыз Астананың туған күніне қызу әзірленіп жатыр.  Лагерьде Астананың туған күніне орай ұйымдастырылатын мерекелік шарада 2-ші жасақтағы Дариға Кәрімова да өз өнерін көрсетпек. Оқушы “Менің Қазақстаным” әнін үш тілде орындайды. Дариға қазір бәрімен бірге осы шараға дайындалуда.  Мерекелік шараның концерттік бағдарламасы ауқымды. Мұндағы балалар тек ән айтып және би билеп қана қоймай, шағын футбол, көңілді старт, “Сен Қазақстанның тарихын білесің бе?”, “Достықтың бірлігі” тақырыптарындағы тренингке қатысады. Барлығы мерекелік шараға 14 нөмір дайындалыпты.

 

Лариса Гальчукова, “Ақ қайың” балалар сауықтыру лагерінің басшысы:

– Қаламыздың әр мектептерінен жиналған оқушылардың барлығы шетінен дарынды. Күнде олар тәрбиешілермен қызықты ойындар ойнайды. Біз Астананың туған күнін жыл сайын атап өтеміз. Биыл тек мерекелік концертпен ғана шектелмей, Астана қаласы жайында сабақтар мен қызықты ойындар ұйымдастырамыз. Меніңше, балалар уақыттарын тиімді өткізбек. Ол үшін барлық жағдай жасалынуда.

 

Сонымен қатар, балалардың арасында “Туған жерім, туған елім” тақырыбында сурет байқауы жарияланыпты. Бұл сайыстың қорытындысы шілденің 6-сы күні мәлім болады. Онда жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.

 

Бану Ахметова