Балалар

Жас суретшілер арасындағы экологиялық байқау

 

 

Республикалық балалардың экологиялық байқау-пленэрін “Шеврон” корпорациясы 2002 жылдан бері өткізіліп келеді. Жобаға Қазақстанның 14 облысынан 12-16 жас аралығындағы дарынды 50 жеткіншек қатысқан. Бұл жолы Алматыда өткен байқауға көркемдік лицейдің тәрбиеленушілері 6 жұмысын жіберіпті. Соның ішінде, ең кішкентай Анастасия Осначтың суреті барлығын таңдай қақтырған.

 

Анастасия Оснач, “Юнеско клубы” көркемсурет лицейінің тәрбиеленушісі:

-Біз күнде 2 тақырыпқа сурет салып отырдық. Біреуі қоршаған ортаға қатысты болса, басқасы өнердің бір түріне арналды. Біз оны экологиялық күнделікке түртіп отырдық. Келесі күні «су күні» болды, біз өзен жағасына барып өз қиялымыздан сурет салдық. Міне, осы шығармам жақсы деп танылды.

 

Сонымен қатар, Настя жүлдегер ретінде Алматыдағы “Бөбек” лагерінде демалып, біраз жерлерді аралап келіпті. Оған, әсіресе, «Сазды әуендегі өрнек», «Үй жануарлары» атты шеберлік сағаттары қатты ұнаған екен. Жер-жерден жиылған жас суретшілерге бейнелеу өнерінің қыр-сырын Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының оқытушылары үйретіпті.

 

Айжан Дайырова, “Юнеско клубы” көркемсурет лицейінің мұғалімі:

-Мен шәкірттерім үшін қуаныштымын. Мұндай байқаулар олардың қаламын шыңдап, тәжірибе жинақтауына септеседі.

 

Байқаудың ұйымдастырушылары бұлақтың көзін ашқан лицей ұжымын дипломмен марапаттап, Анастасия Осначқа сыйлықтар табыс еткен.

 

Берік Қасен