Әр түрлі

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының Қызылжар ауданында жүзеге асырылуы

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының шарапатын көргендердің бірі- Дана Кәкенова. Есепші мамандығының оқуын бітіргеннен кейін жұмыс табу қиынға соғып, 1-2 жылдай өзге кәсіптің тізгінін ұстап жүріпті. Сөйтіп, аталған мемлекеттік жоба аясында жастар тәжірибесінен өткен екен. Соның арқасында қазір тұрақты жұмыс орны бар.

 

Дана Кәкенова, Қызылжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің іс жүргізушісі:

– «Жастар практикасы» оқуды жаңадан бітірген мамандарға көп қолдау көрсетеді. Тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Мен өзім осы бағдарлама бойынша жұмысқа тұрдым.

 

Жалпы, ауданда жастар практикасын жүзеге асыруға 2 жыл ішінде 11 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Кәсіпорындар мен мекемелерге тәжірибе жинақта үшін 25 адам жіберіліпті. Биыл бұл көрсеткіш 31-ге жеткен.

 

Сания Өмірбекова, Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының техник-бағдарламашысы:

-М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық-техникалық колледжді тәмамдадым. Бағдарламашы бойынша жұмысқа тұру қиын болды. Тәжірибе болмағандықтан жұмыссыз көп жүрдім. Кейін «Жастар практикасы» бойынша осында жұмыс істеуге келдім.

 

2 жыл ішінде 90-нан астам адам қайта даярлау курстарынан өтіп, қазір қызмет атқарып жүр.

 

Сергей Прилуцкий, «Dostar new» ЖШС дәнекерлеуші:

-Мен қайта даярлау курстарынан өттім, шәкіртақы төленіп тұрды. Қазір тұрақты жұмысым бар. Құрылысқа қажетті материалдарды дайындап жатырмыз.

 

Қызылжар ауданында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының 1-ші бағыты бойынша 129 адам жұмыспен қамтылса, екінші бағыты аясында 2 жыл ішінде бөлінген 84 млн теңгеден астам қаржыға 45 адам шағын несие алып, өз ісін дөңгелеткен. Жыл басынан осындай мемлекет қолдауына 18 адам ие болыпты. Серіктестік директоры Әлихан Ахматовтың айтуынша “Жұмыспен қамту” бағдарламасының арқасында кәсіпорындар да сапалы кадрлармен толығуда. Бүгінде мұнда қайта даярлаудан өткен 5 маман еңбек етіп жүр. Жобаның үшінші бағыты бойынша болашағы бұлыңғыр деп танылған ауылдардан 5 отбасы аудан орталығына көшірілген екен.

 

Раушан Текібаева, Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Аталған бағдарламаның 4-ші бағыты елді мекендерді дамытуға бағытталған. Бұл ретте ауданда жолдар жөндеу көріп, әлеуметтік маңызы бар нысандар қалыпқа келтірілуде. Жұмысқа бос жүрген ауыл тұрғындары да тартылуда.

 

Қызылжар ауданында жобаның 4-бағыты да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

 

Мағжан Ахмадина, тілші:

-Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының құрылғанына 2 жыл толды. Осы уақыт аралығында «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 560 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды.

 

Мағжан Ахмадина