Без категории

«Мұнаймашта» инновациялық жобалар сәтті енгізілуде

 

«Мұнаймаш» АҚ өңіріміздегі 70 жылдан астам тарихы бар іргелі кәсіпорындардың бірі. 40-шы жылдары майданға қажетті заттар шығарылып, техника жасалды. Қазіргі таңда зауыт мұнай-газ саласындағы құрылғыларды шығарумен айналысады. Солардың ең негізгісі- ұңғыма- қарнақтық сорғылар. Құрылғылар мұнайлы аймақ Батыс Қазақстанда қолданылады. Негізгі тұтынушылары да осы.

 

Сергей Григоренко, «Мұнаймаш» АҚ басқарма төрағасы:

-Өзен, Ембі, Маңғыстау сынды еліміздегі ірі мұнай өндіру орындары қолданады. Олармен тығыз қарым-қатынас орнаттық. 2007 жылы «Қазақстан Инжинирингпен» жасалған алғашқы инвестициялық жобаны табысты аяқтадық.

 

Кәсіпорынның 2-ші инвестициялық жобасы да табысты болды. 2012 жылы «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында механикалық қайта өңдеу цехы 80 пайызға жаңғыртылды. Мұнда Жапония, АҚШ және Бразилияда жасалған жаңа 12 станок орнатылды. Автоматтандырылған қондырғылар өндіріс көлемін арттырып, жұмыс уақытын азайтуға септеседі. Жоба құны 1,5 млрд теңгені құраған.

 

Сергей Литвинов, «Мұнаймаш» АҚ техникалық директоры:

-Бізде бар құрылғыларға қарағанда, жаңадан әкелінген станоктар өзінің дәлдігімен, жылдамдығымен ерекшеленеді. Соның арқасында құрылғыларды жасау көлемі ұлғайды. Егер біз 4 мыңға жуық сорғыш жасасақ, қазір 6 мың, тіпті одан да көп құралдар жасауға мүмкіндік туып отыр. Қызметкерлер 3 ауысымда жұмыс істейді.

 

Бұрындары жақсы маман дайындау үшін 5-7 жыл қажет болса, бүгінгі таңда 1,5 жыл көлемінде өз ісін меңгерген жандар дайындалуда.

 

Сергей Григоренко, «Мұнаймаш» АҚ басқарма төрағасы:

-1,5 жыл көлемінде білікті маман болып шығады. Көбіне СҚМУ бітірген жас мамандарды алып жатырмыз. Жақсы лауазымдарды иеленген.

 

Олег Гапон – жас мамандардың бірі. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ бітірген соң осында арнайы курстардан өткен. Жаңа станоктарда жұмыс жасап, олардың тілін тапқан. Бүгіндері ол инженер-бағдарламашы.

 

Олег Гапон, «Мұнаймаш» АҚ инженер-бағдарламашысы:

-Осы зауытта көп нәрсеге үйрендім. Жұмысым қызықты, өзіме ұнайды. Алғашқыда инженер-құрастырушы болатынмын. Жазда Воронежде арнайы оқу курстарынан өттім.

 

«Мұнаймаш» кәсіпорнында жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Асхана, медпункт, тренажер залы жұмыс істейді. Әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі де жолға қойылған. Орташа айлық көлемі 140 мың теңгені құрайды.

 

Сергей Григоренко, «Мұнаймаш» АҚ басқарма төрағасы:

-Бүгіндері жасап жатқан ең жақсы құрылғымыз осы. Басты назарда өнім көлемін арттыру, сапаға да көп көңіл бөлінеді. Бастаған істеріміз жақсы жалғасын табуда. Кез-келген кәсіпорын бәсекеге қабілетті болып, өз өнімдерін нарықта ұсыну үшін 5-10 жылға жоспар құра білу керек. Біздің зауыт жасаған өнімдер қазіргі таңда сұранысқа ие.

 

«Мұнаймаш» АҚ бірнеше рет «Алтын сапа» байқауында жеңіске жеткен. Бұл зауытта жасалатын өнімнің сапалылығын көрсетеді. Бүгінгі таңда «Мұнаймаш» АҚ Қазақстандағы мұнай-газ өнімдерін өндіретін бірден-бір кәсіпорын.

 

Сергей Григоренко, «Мұнаймаш» АҚ басқарма төрағасы:

-Үкімет әрдайым өнімдерімізді тексеріп, саралап отырады. Қазір біз кен орнымен 5 жылдық келісімшарт жасастық. Келешекте Өзен, Маңғысту кен орындарымен де келісімге келеміз деген ойдамыз. Өнімділік көлемі 5 есеге дейін артты. Қазір 3 миллиардты құраса, 2015 жылға қарай 6-7 млрд көлемінде өнім шағаруды жоспарлап отырмыз.

 

Болашаққа деген сенімділік пен алған асулар «Мұнаймаш» АҚ шетелдік кәсіпорындармен терезесі тең болуына септесуде. Бұл Қазақстандағы индустрияландыру саясатының жақсы деңгейде жүргізілетіндігінің айғағы.

 

Мағжан Ахмадина