Билік

Төрт ауданда әкімдер ауысты

Самат Ескендіров Тайынша аудандық мәслихатының кезектен тыс 16-сессиясына қатысты. Мұнда ауданның жаңа әкімін тағайындау мәселесі қаралды. Бұл қызметке Серік Салтықовтың кандидатурасы ұсынылды. Ол Новоросийск университетін, “КИМЭП” және Шеффилд университеттерін тәмамдаған. Еңбек жолын Балқаштағы “Цветавтоматика” кәсіпорнында программист қызметінен бастапты. Серік Төлеуұлы Оңтүстік Африка республикасындағы “Сингета Қазақстан” фирмасының өкілдігінде де жемісті жұмыс атқарған. Осы күнге дейін Алматы қаласындағы “Сингета Қазақстан” ЖШС басқарма төрағасы болды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Өздеріңіз көріп тұрғандай Серік Салтықов – білімді, тәжірибесі мол адам. Сол себепті, ол Тайынша ауданын дамытуға зор үлесін қосады деп ойлаймын.

 

Аудандық мәслихат депутаттары Серік Салтықовтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

 

Серік Салтықов, Тайынша ауданының әкімі:

-Маған осындай зор сенім артқандарыңызға алғыс айтқым келеді. Аймақтың өркендеуіне бар күш-жігерімді жұмсаймын.

 

Өңір жетекшісі Самат Ескендіров Тайынша ауданының жаңа басшысына бірқатар тапсырма жүктеді. Ең алдымен мұнда ауыл шаруашылығы саласын дамыту қажет.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Абаттандыру жөніндегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік жеке серіктестік аясында кәсіпкерлермен жұмысты оң жолға қойыңыз. Тұрғындарды жұмысқа тарту арқылы олардың жағдайын жақсарту керек. Елді мекендегі жастар арасында ауылға қажетті мамандық меңгеру және оларды қолдау шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер.

 

Ал Тайынша ауданының бұрынғы әкімі Иван Турков алдағы уақытта аудан басшысының орынбасары қызметін атқармақ.

Самат Ескендіров бұл күні Уәлиханов ауданына да ат басын бұрды. Аймақ басшысы мұнда аудан әкімі қызметіне Аман Төрегелдиннің кандидатурасын ұсынды. Ол 1975 жылы дүниеге келген. Осы уақытқа дейін Петропавлдағы “Налоговое агенство “Турегельдин и партнеры” ЖШС директоры қызметін атқарған.

Үміткер аудандық мәслихат депутаттарының қолдауына ие болды.

Самат Ескендіров ауданның бұрынғы жетекшісі Серікпай Тұрәліновке еңбегіне алғысын білдірді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Серікпай Тұрәлінов  әкім қыметін екі жыл атқарды, осы мерзімде мемлекет басшысы біздің алдымызға қойған міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы жұмысты табысты жүргізді.  Оның тәжірибесі мен кәсібилігі оған алдағы қызметінде көмектеседі. Ол облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалады.

 

Уәлиханов ауданының жаңа әкіміне облыс басшысы ауылдағы кәсіпорындарды индустрияландыру картасына қатыстыруды және бизнестің дамуына жол ашып, инвестицияны тартуды тапсырды. Сондай-ақ, тұрғындардың жағдайын жақсартуды міндеттеді.

Самат Ескендіров Ақжар аудандық мәслихатының сессиясына да қатысты. Халық қалаулылары мұнда Мұхит Тұрысбековтың кандидатурасын қарады. Ол – кәсіби инженер-құрылысшы, халықаралық экономикалық қатынастар жөніндегі маман.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Осы кезге дейін ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болған. Қаржы министрлігінде шамамен 20 жылдай жұмыс істеген. 2 жыл біздің өңірде қызмет етті. Бұл азамат Ақжар ауданы әкімі қызметіне лайық деп ойлаймын.

 

Бұл кандидатураны да депутаттар қолдады. Жаңа аудан басшысына Самат Ескендіров бірқатар міндеттер жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыруды, кәсіпорындарды индустрияландыру картасына қатыстырып, ауданның индустриалды-инновациялық дамуына жұмылдыруды тапсырамын. Ауылдағы кәсіпкерлікті жан-жақты қолдап, жоғары бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етіңіздер. Абаттандыру жөніндегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік – жеке серіктестік аясында кәсіпкерлермен жұмысты жалғастыру маңызды. Тұрғындарды жұмысқа тартып, олардың жағдайын жақсарту керек. Елді мекендегі жастар арасында ауылға қажетті мамандықты меңгеру және оларды қолдау шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген абзал. Бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылуы тиіс. Ішкі саяси тұрақтылықты сақтау жұмыстарын жүргізу қажет.

 

Ал Ақжар ауданының бұрынғы әкімі Ағзам Тастеміров Айыртау ауданы әкімінің қызметіне үміткер ретінде ұсынылды. Ол да депутаттар тарапынан қолдау тапты.

 

Навои Сердалин, Айыртау аудандық мәслихатының депутаты:

-Бұл кісінің өмірбаянынан осы қызметке лайық екенін көруге болады. Біздің ауданды алға жетелейді деген ойдамын. Біз өз кезегімізде көмегімізді аямай, қолдау көрсететін боламыз.

 

 

Ағзам Тастеміров өзіне артылған сенімді ақтайтынын тілге тиек етті.

 

Ағзам Тастеміров, Айыртау ауданының әкімі:

-Құрметті депутаттар, әріптестер, бұл біздің облыстағы ең ірі аудандардың бірі екенін білемін. Өз білімімді, тәжірибемді ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдана отырып, маған көрсетілген сенімді ақтауға тырысамын.

 

Айыртау ауданының бұрынғы әкімі Амантай Сейфуллин жемісті жұмыс үшін активке алғысын білдірді

 

Амантай Сейфуллин:

-Қымбатты жерлестер, мен сіздермен қоштаспаймын, мен Самат Ескендіровтің командасында қаламын, бәрі бір Айыртау ауданы менің жүрегімде болады, сіздермен бірге бастаған істерімізді әрі қарай жалғастырамыз.

 

Самат Ескендіров Айыртау ауданының жаңа басшысына агроөндіріс кешенін дамытуды және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда кәсіпкерлерге көмек көрсетуді тапсырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Ауылдағы жастар арасында елді мекендерде зор сұранысқа ие мамандықты меңгеру және оларды қолдау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеймін. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету бағытында жұмысты жалғастырыңыздар. Жеке капиталға инвестиция тарту үшін тиісті шараларды қолға алу қажет. Ішкі саяси тұрақтылықты да сақтау маңызды.

 

Айдана Демесінова