Без категории

Индустрияландыру жобалары

 

«Молпродукт» ЖШС – ісі өрге домалап келе жатқан кәсіпорындардың бірі. 2012 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқасында 3,5 млрд теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Осы қаражатқа зауыт толық жаңғыртылып, заманауи қондырғылармен жарақтандырылды.

 

Роза Сүлейменова, «Молпродукт» ЖШС директоры:

-Құрылғылар Еуропадан әкелінген “Тетра Пак» линиясы бойынша. Технологияларды пайдаланып, сақтау мерзімін 40 күннен 1 жылға дейін ұзарта алдық. Зауытта тағы бір линия қосқымыз келіп отыр. Балмұздақтың жұмсақ түрін шығару.

 

Бүгінде өндіріс ошағы сүт және шырынның 20-дан астам түрін шығарады. Тәулігіне бұл жерде 250 тоннадай өнім өндіріледі. Бұрын бұл көрсеткіш 20 тоннаны ғана құраған екен. Еңбек өнімділігінің артуына еуропалық технологияны пайдалану септігін тигізген. Жұмыс үрдісі толық автоматтандырылған.

 

Василий Дмитриченко, «Молпродукт» ЖШС бас инженері:

-3 қондырғы Швецияның “Тетра Пак» фирмасынан сатып алынды. Француздық фирманың жабдығы да бар. Сондай-ақ, «Хасия» қондырғысы бар. Ол Германиядан әкелінген.

 

«Молпродукт» ЖШС-де 200-ден астам адам жұмыс істейді. Солардың бірі – Максим Лазорский  бұл кәсіпорында 7 жыл еңбек етіп келеді екен.

 

Максим Лазорский, «Молпродукт» ЖШС механигі:

-Жұмысым өте қызықты. Маған ұнайды. Жалақыны кешіктірмей, уақытында беріп тұрады. Университетті тәмамдағаннан кейін бірден осында орналастым.

 

«Молпродукт» ЖШС тәулігіне 500 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Бүгінде зауыт тауары Қазақстанда ғана емес, Ресей нарығында да саудалануда.

 

Айдана Демесінова