Спорт

БАҚ қызметкерлері боулингтен сынға түсті

 

Облыстағы қайнаған өмірдің кескін-келбетін еш боямасыз, ашық та әділ бере алар БАҚ өкілдері “Боулинг” ойын-сауық орталығына жиналды. Қаламды қауым бұл жолы кезекті спорт жаңалығын іздеп келген жоқ. Өздері де салауатты өмір салтынан қара жаяу еместіктерін таныту үшін бас қосты.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Сіздерді облыс басшылығы атынан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Журналистерді 4-ші билік өкілдері деп бекер айтпайды. Бұл – ежелден келе жатқан мамандық. Атқарушы орган және бұқара арасындағы көпір іспеттес. Әкімшілік жағынан ұмыт қалған маңызды жайттарды көтересіздер. Қоғамның аса өзекті мәселелерін шешуге тікелей атсалысып жүресіздер.

 

Бүгінде өңір тынысымен біте қайнасып жүрген 12 БАҚ бар. Республикалық басылымдар және телеарналардың 25 меншікті тілшілер пункті құрылған. Қаламы қарымдылардың бәрі осында. Әрбірі жеребі бойынша 6 құрамаға іріктелді. Біраздан соң журналистер боулингтен мықтыларды анықтауға кірісіп кетті.  БАҚ өкілдері бір сәт жұмыстан қол үздірген бұл шараны әрі спорт жарысы, әрі демалыс, әрі тәжірибе алмасу ретінде өткізуге тырысты.

 

Евгений Сазанов, “СҚО әкімдігінің МТРА” ЖШС директоры:

-Журналистер халыққа ақпарат таратуда бірлесе жұмыс жасайды. Бүгін сайысқа шықса да жұмыла әрекет етуде. Шығармашылықтың адамдары болған соң жиын сайыс алаңы емес, әріптестердің көңілді кездесуіне айналды. Төл мерекеміз өте қызықты өтіп жатыр.

 

Қоғамдағы түрлі жаңалықты бірінші болып ой елегінен өткізетін жандар шынымен аса белсенділік танытуда. Талпыныстары бірінен бірі асып түсіп жатыр. Бұны мамандар да растап отыр.

 

-Кәсіпқой ойыншылар болмаса да көрсеткіштері жаман емес. Журналистер кез келген нәрсеге жылдам машықтанатындарын тағы дәлелдеуде. Тәжірибесі мол әуесқойлары да бар шығар, бірақ  дәл қазір кімнің мысы басатынын дөп басып айту қиын. Әрбірі мейлінше ұпай еселеуге тырмысып жатыр.

 

Боулинг шары жолындағы барлық кеглиді алғашқы мүмкіндікте-ақ қағып құлату “страйк” деп аталады. Бұндайдың бірнешеуіне “24 KZ” республикалық арнасының жергілікті тілшісі Айдарбек Балғабеков қол жеткізіп, “боулинг сұлтаны” атанды.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                       Ал, нәзік жандылар арасында “Северный Казахстан” облыстық газетінің тілшісі Дарья Тушина “боулинг ханшайымы” атағына лайық екендігін танытты. Ал, “Астана” телеарнасының өңіріміздегі өкілі Зәкіржан Мамлютов ең жоғары ұпай жинай білді. Үздіктер құнды сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, қаламы ұшқырлардың тағы бірнешеуі кәсіби мереке күні түрлі марапатқа ие болды. Еңбегі еленгендердің бірқатарына облыс әкімінің құрмет грамотасы табысталды.

 

Жеңіс Ермұқанов