Қоғам

Облыс орталығында тағы бір шіркеу бой көтереді

Теміржол вокзалының маңында Әулие Мария Магдалена соборының алғашқы тасы 2010 жылы қаланған. 600 орынға шақталған шіркеуді көтеру үшін кемінде 6 жыл қажет екен. Биыл құдайға құлшылық ететін орынның кіші ғимараты салынуда.

 

Протоиерей Сергий, Петропавл-Булаев епархиясының хатшысы:

-Христиандардың «200 шіркеу» бағдарламасы бойынша жұмыстар атқарылуда. Құрылысы ұзаққа созылады. Сондықтан қажетті қаржы жиналғанша Мефодийдің құрметіне 150 орындық ғибадатхана салуды ұйғардық.

 

Қазан төңкерісіне дейін бұл жерде шіркеу тұрған. Қазір бұзылған ескі ғимаратты жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Әзірге 20 млн теңгенің шаруасы атқарылыпты. Мына титаннан құйылған алтын түстес күмбез бен крест Ресейден арнайы жеткізілген.

 

Протоиерей Сергий, Петропавл-Булаев епархиясының хатшысы:

-Іргетасын қалап, қабырғаларын көтеріп жатырмыз. Бағаналарын орнаттық. Бұл іске теміржол вокзалының 10 шақты құрылысшысы тартылды. Негізгі жұмыстардың 80 пайызы тындырылды. Шілде айының басында сыртқы жұмыс аяқталады. Кейін ішкі әрлеу ғана қалады.

 

Шіркеу Жұмысшы, Бензострой кенттері мен Вокзал аумағындағы православ сеніміндегілерге қызмет ететін болады. Құрылыс қайырымды жандардың демеуімен іске асуда. Әлі де кіші ғибадатхананы қолданысқа тапсыру үшін 15 млн теңгедей қажет. Демеу үзілмесе, шіркеу есігін жыл соңына дейін ашу көзделіп отыр.

 

Жеңіс Ермұқанов