Билік

Екі ауданда әкімдер ауысты

 

Облыс әкімі Самат Ескендіров Қызылжар аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты. Аймақ басшысы Еркебұлан Қаменовтың кандидатурасын аудан әкімі қызметіне ұсынды. Еркебұлан Каменов Павлодар облысында 1976 жылы дүниеге келген. Ол экономист, менеджер мамандығын тәмамдаған. Коммерциялық ұйымдарда қызмет атқарған.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

2009 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Ақмола облысындағы Бурабай ауданы әкімінің орынбасары болған.

 

Халық қалаулылары аталмыш азаматтың кандидатурасын бір ауыздан қолдады. Ауданының экс-әкімі жаңа тағайындалған аудан жетекшісіне сәттілік тіледі.

 

Орал Қаппасов:

Бұл қызметке жаңадан тағайындалған аудан әкіміне жұмыста табыс тілеймін. Еліміздің, облысымыздың дамуына өз үлесіңізді қосуыңызға тілектеспін. Қызылжар ауданы стратегиялық маңызы бар аудан, сондықтан мұндағы атқарылып жатқан істер Қазақстан үшін маңызды.

 

Өз кезегінде Қызылжар ауданының жаңа әкімі Еркебұлан Каменов тағайындалған қызметті абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

 

Еркебұлан Қаменов, Қызылжар ауданының әкімі:

-Құрметті, Самат Сапарбекұлы Сізге және депутаттарға алғысымды білдіремін. Қызметімді абыроймен атқаратыныма уәде берем.

 

Өңір басшысы Самат Ескендіров қызметке тағайындалған аудан әкіміне бірқатар тапсырма жүктеді. Әсіресе, қоғамдағы тұрақтылықты дамыту мен мемлекетпен әріптестік бағдарламасы аясында бизнес өкілдерін мемлекеттік органдармен етене қарым-қатынас орнату қажеттігін атап өтті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Агроөнеркәсіп кешенін жетілдіре түсу керек. Үдемелі индустриалды- инновациялық даму бағдарламасына мейлінше көбірек қатысуға тырысқан жөн. Бүгінде еліміздің индустрияландыру картасында қызылжарлық кәсіпкерлердің бастамалары тым аз. Елді мекендердегі бизнес оң жолға қойылсын. Ауылдықтардың әлеуетін көтеріп, жұмыссыздық мәселесін шешуді тапсырамын. Әсіресе бос отырған жастарға көңіл бөлу керек.

 

Кейін өңір басшысы Аққайың ауданына бет алып, жергілікті активпен кездесті. Өңір жетекшісі Қайрат Қасеновтың кандидатурасын аудан басшылығына ұсынды. Депутаттар үміткерді мақұлдады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Қайрат Қасенов 1968 жылы туған. Целиноград ауыл шаруашылық институтын, Ақмола облысының аграрлық университетін ауыл шаруашылығын механизациялау, менеджмент мамандығы бойынша тәмамдады. Өз еңбек жолын жүргізуші инженер лауызымынан бастады. Ақмола облысының ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы, Ақмола облыстық «Экспорт астық» басқармасы басшының орынбасары болып еңбек етті. Соңғы атқарған қызметі Тимирязев ауданының әкімі.

 

Ал Аққайың ауданының жаңа жетекшісі барлық тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға уәде етті. Жиында аймақ басшысы бірқатар міндеттерді айқындап, аудан жетекшісіне тапсырмалар берді.

 

Жеңіс Ермұқанов