Әр түрлі

Петропавлдық сәулетшілер бельгиялық маманмен кездесті

 

Жылдан-жылға қаламыз дамып, жаңа кейіпке енуде. Алдағы уақытта да біраз шаруа тындыру көзделген. Осыған орай қалалық әкімдік жанынан сәулет-көркемдік кеңес құрылыпты. Бүгін олар болашақ жоспарларын айқындауға жиылды. Отырысқа бельгиялық сәулетші Ян Вэйнантс та қатысты. Оның «Buro of Architecture» компаниясы 25 жыл қатарынан қала құрылысы және оны жобалаумен айналысып келеді. Шетелдік компанияның қызметін Германия, Бельгия, АҚШ, Финляндия елдері пайдаланыпты. Қазақстандағы бірқатар қаланың құрылысында да үлес қосқан көрінеді. Сәулетші Петропавл қаласын да зерттеп, оның болашақтағы мүмкіндіктерін саралаған.

 

Ян Вэйнантс, сәулетші, «Buro of Architecture» компаниясының бас директоры:

-Петропавлға келмес бұрын картасы арқылы бұл қаланы зерттедім. Орталықты таба алмай біраз қиналдым. Ал осында келгеннен кейін көркем жерлері көп екенін байқадым. Әсіресе, Есіл өзені ағатын жер көңілімнен шықты. Алайда онда жер үй көп екен. Сондықтан бұл аумақ қалаға емес, ауылдық жерге ұқсайды. Меніңше осы жерде зәулім ғимараттар тұрғызу керек деп ойлаймын.

 

Бұл ойын шетелдік сәулетші жерлес мамандарға да жайып салды. Алайда, оның кеңесін жерлестеріміз пайдалана ма, жоқ па? Бұл әзірге белгісіз.

 

Василий Стихин, сәулетші, Петропавл қалалық әкімдігі жанындағы сәулет-көркемдік кеңесінің мүшесі:

-Мұндай деңгейдегі маманның келуі – оң нәтиже береді деп ойлаймын. Бүгінгі кездесуде Ян Вэйнантс біраз кеңес берді.

 

Жергілікті мамандар Ян Вэйнантстың ұсыныстарын алдағы уақытта жан-жақты сараламақ.

 

Айдана Демесінова