Көлік және жолдар

«Еуро-4» экостандарты енгізіледі

 

Шетелден тікелей тасымалданған көлік  мінемін деушілердің құлағына алтын сырға. Шілде айының 1-нен елімізге қоршаған ортаға зиянды заттарды аз бөлетін Еуро-4 стандартына жауап беретін темір тұлпарлар ғана енгізілетін болады. Бұл зауыттан шыққанына 8 жылдан асқан көлік нысандары қазақ шекарасына ене алмайды деген сөз.

 

Александр Семенчук, СҚО кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

– Ел аумағына сырттан келетін Еуроодақ елдерінде шығарылған көліктер 2005 жылдан ескі болмауы тиіс. Ал, Ресей мен Жапондық үлгілеріне тек 2010 жылдан бері қарай өндірілгендерге рұқсат берілген. 5 тоннадан артық жүк тиейтіндер 2012 жылдан төмен болмауы шарт. Әрине оның пайдасы бар, сапалы көліктер ғана келетін болады. Бұл заңның ішкі нарықтағы көліктерге еш қатысы жоқ.

 

Жаңашылдық көлік рәсімдеушілердің қалтасын қақпайды. Баж салығы мен тіркеу тәртібі қолданыстағы талаптар күйінде қалады. Ең бастысы экологиялық стандартқа сай,  күкірт қышқылы 2 есе аз бөлінетін болады. Бастама сәтті ендірілсе, қоршаған ортаға бұл улы заттың таралуы шақырымына 1 грамнан аспайтын көрінеді.

 

 

– Әрине өте дұрыс шешім қабылданды. Әрбіріміздің денсаулығымызға қатысты күрделі экологиялық мәселе шешілейін деп тұр.

 

Темір тұлпар рөліндегілердің көбі жаңашылдықты құптап отыр. Алайда игі шараға асығыстық танытпай алғышарттарын дайындап алған жөн деп санайды.

 

– Алдымен сәйкес жанар-жағармай қажет. Бұл талапқа жауап беретін бензин елімізде мүлдем жоқ. Құйып жүргеніміздің өзінде бағасында айырмашылық болмаса сапасы еш ерекшеленбейді.

– Әрине өте маңызды мәселе. Мәселен Еуро-4 талабына жауап беретін көлікті сатып алдым дерлік. Оған біздегі бинзинді құюдан басқа амал жоқ. Сондықтан жаңа машинам күкірт қышқылын ескісінен аз бөле қоймайды. Оның пайдасы не.

 

Мұнай-газ министрлігінің мәлімдеуінше, отандық жанармай өңдейтін зауыттар Еуро-4 стандартына тек 2016 жылы көшетін көрінеді. Оған дейін жаңа көліктердің иелері сапасы сәйкес келмейтін бинзин құюға мәжбүр болмақ.

 

Жеңіс Ермұқанов