Қоғам

Пандустарды тексеруге арналған рейд

 

ҚР заңына сәйкес әр ғимаратта мүгедектер арбасының еркін қозғалуына арналған пандус болуы керек. Алайда, бұл заңды қаперлеріне де алмайтын мекеме иелері баршылық. Соларды анықтау үшін нұротандықтар арнайы рейдке шықты. Бір күннің өзінде белсенді жастар 150 анкета толтырыпты.

 

Мұса Танақұлов, «Нұр Отан» ХДП Петропавл қалалық филиалының атқарушы хатшысы:

-Бүгін міне екінші күн рейдке шығып отырмыз. Өкінішке қарай біздің қаламызда да жарымжандарға қолайлы жағдай жасамаған мекемелер табылды. Әсіресе, жеке меншік нысандарда пандустар орнатылмаған.

 

Кейін бұл сараптама жұмыстарының нәтижесі арнайы жиындарда қаралмақ.

Пандустың иілу бұрышы 130 градус болуы тиіс. Ал, ені 1 метрден асуы шарт. Мұндай талапқа сай пандус «Айналайын» асханасында бар

 

Шолпан Сәлімова, «Айналайын» асханасының атқарушы директоры:

-Менің ойымша, мемлекеттік қана емес, жеке меншік ғимараттарда да пандус болуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау керек деп ойлаймын.

 

Зоя Малышева – 1 топтағы мүгедек. Кей ғимараттарға кіре алмай әуре боламын дейді жерлесіміз.

 

Зоя Малышева:

-Бізге өте қиын. Өйткені кей дүкендерде пандус жоқ. Кіре алмаймын. Қызымды жіберемін. Тауарларды базардан аламын, басқа амал жоқ.

 

Нұротандықтар алдағы уақытта да осындай шараларды ұйымдастырамыз дейді.

 

Айдана Демесінова