Әр түрлі

Өңірдің бес айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы

 

Өңір экономикасы біртіндеп дамып келеді. Мұны ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысынан көруге болады. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі осы уақыт аралығында 4,5 пайызға артыпты. Бұл салада жыл басынан 95,4 млрд теңгенің тауары шығарылған. Қаңтар-мамыр айларында ауылшаруашылық тауарларын өндіруде де өсім байқалған.

 

Ольга Перепечина, СҚО статистика департаментінің басшысы:

-5 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 22,8 млрд теңгені құрады. Мал мен құстың барлық түрлерінің тірідей салмақта союға 28,5 мың тонна өткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға артық. Сондай-ақ 148,4 мың тонна сиыр сүті сауылып, 178,9 млн дана тауық жұмыртқасы алынды.

 

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, құрылыс жұмыстары да қарқын алды. Жыл басынан 111 ғимараттың құрылысы аяқталды. Тұрғын үйлердің кірпішін қалауға 1 млрд 546 млн 600 мың теңге жұмсалыпты. Аймақтағы инфляция деңгейі 1,9 пайызды құрады.

 

Ольга Перепечина, СҚО статистика департаментінің басшысы:

-Азық-түлік тауарлары 1,6 пайызға, тағамдық емес тауарлар 0,6 пайызға қымбаттады. Қызмет құны 3,2 пайызға өсті. Жалпы өңіріміздегі баға тұрақты.

 

Үстіміздегі жылдың қаңтар-мамыр айларында облысымыздағы орташа айлық жалақы 70 мың 92 теңгеге жетті. Осы уақытта 4400 адам екі қолға бір күрек тапты. Бұл өтініш білдірген жұмыссыздардың 92,5 пайызы. Өңірімізде 578 адам бар. Оның 240 қалалық жерде, ал 338-і ауылдық жерде тұрады екен. 5 айдың ішінде аймағымызда 2736 сәби дүниеге келді.

 

Айдана Демесінова