Денсаулық сақтау

Онкологтар семинары

Өңірімізде 2013 жылы 22 627 нәзікжандыны скринингтік тексеруден өткізу жоспарланыпты. Ал бүгінгі күнге дейін яғни 5 айдың ішінде 12 160-ы дәрігердің қарауында болған. Сөйтіп, тексерудің нәтижесінде 1500 әйелден жатыр мойыны ісгі анықталып, олар тіркеуге алыныпты. Бұл 30 бен 50 жас аралығындағы бұрымдылардан байқалған. Ал, бұл дерттің бастапқы кезеңі бойынша 4 жағдай тіркелген. Жиналғандарға Алматыдан келген онколог-дәрігер Ерлан Кукубасов скринингтік тексерудің тиімді екенін алға тартты. Және жатыр мойыны ісігінің дамуына 10 жылдай уақыт қажет екенін схема арқылы түсіндірді. Яғни, оны дер кезінде алдын алуға мүмкіндік бар.

 

Ерлан Кукубасов, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының жоғары санатты дәрігері:

– Қазақстанда жатыр мойыны ісігінің алғашқы белгілерін және ісік ауыруларын анықтау бойынша скринингтік бағдарлама 2010 жылдан бері жүзеге асып келеді. Қажетті материалдың жетіспеушілігінен дерттің алдын алу өте қиынға соғуда. Сондықтан да біздің мақсатымыз оларды кеңінен ақпараттандыру.

 

Семинарға жиналған акушер-гинеколог дәрігерлер Алматыдан келген маманның айтқандарын ұйып тыңдауда. Өйткені, аурудың белгілерін анықтау оңай емес. Тәжірибе керек. Адамның өмірі дәрігердің дұрыс қоя білген диагнозына байланысты. Осы семинарға Қызылжар аудандық ауруханасының акушер-гинекологы Ерғали Нұржанов та келген. 32 жылдық еңбек өтілі бар дәрігер бүгінгі семинардан көп мағлұмат алдым дейді.

 

Ерғали Нұржанов, Қызылжар аудандық ауруханасының акушер-гинекологы:

– Скринингтік тексерудің пайдасы көп. Өйткені осы арқылы алғаш рет тексеру жүргізгенде қатерлі ісік ауруының алғашқы белгілерін анықтауға мүмкіндік туды. Бүгінгі күнге дейін 974 әйелді скринингтік тексеруден өткіздік. Қатерлі ісік ауыруына шалдыққандары тіркелген жоқ.

 

Алдағы уақытта онкологиялық диспансерге жатыр мойны ісігін анықтайтын заманауи аппарат әкелінеді деп жоспарлануда. Ал, алматылық дәрігер ертең 1-ші емхана, Қызылжар және Мамлют аудандық ауруханаларының ақхалаттыларымен кездеспек.

 

Бану Ахметова