Балалар

Маусымның 26-сы – Дүниежүзілік нашақорлықпен және заңсыз есірткі айналымымен күрес күні

 

Сұлтан Жақан – ҚР чемпионы, кекушинкай каратэден спорт шеберіне үміткер. Ол бүгін балаларды бейімдеу орталығындағыларға өз мүмкіндігін көрсетіп, спорттың пайдасы жайлы әңгімелеп берді.

 

Сұлтан Жақан, кекушинкай каратэден спорт шеберіне үміткер:

-Спорт мақсатқа жетуге көмектеседі. Қазір жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. 70 шақты оқушым бар. Жасөспірімдерді спортпен айналысуға шақырамын. Спорттың қай түрі болмасын, барлығы жақсы.

 

Болашақтыі тізгіні жастардың қолында. Сондықтан қазір балаларға дұрыс бағыт беріп, теріс қылықтар мен әдеттерден алшақтатқан жөн. Кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығында бұл жұмыс оң жолға қойылыпты.

 

Андрей Снегирев, СҚО кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығының психологы:

-Тәрбиеленушілерді теріс қылықтардан арылтуға тырысамыз. Оларға зиянды әрекеттердің тигізетін әсерін айтамыз. Слайдтар және өзге де түрлі материалдар арқылы көрсетеміз, мысалдар келтіреміз. Кейін олар өздері қорытынды жасайды.

 

Мұны жақсы түсінген жастар мәслихатының депутаттары түрлі шараларды жиі ұйымдастырып тұрады. Бүгінгі кездесуге прокурорлар мен СПИД орталығының өкілдері  де шақырылыпты. Олар түрлі мысалдар келтіріп, есірткі затының салдарын баяндады. Нашақорлардың емделмейтін дертке шалдығу қаупі жоғары. Сондай ауыр сырқаттардың бірі – ВИЧ инфекциясы. Елімізде бұл ауруды жұқтырған 20 мың адам тіркелген екен.

Қонақтардың маңызды әңгімесінен кейін балалар концерттік бағдарламаны тамашалады.

 

Айдана Демесінова