Без категории

Мағжан Жұмабаевтың өміріне қатысты құнды құжаттар

 

Заманынан оза шапқан біртуар ақын Мағжан елдің егемендігін аңсап өтті. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын туған халқының кемел болашағы үшін күресуге арнады. Ана тілінің, туған діні мен ұлттық салттың жанашыры, Алаш үкіметінің негізін қалаушылардың бірі. 1922 жылы Ақмола губерниясының аштыққа қарсы төтенше комиссиясына төрағалық етті.

 

Сәуле Мәлікова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының басшысы:

-Сол кездегі үкімет органдарына жазған телеграммалары, аштыққа қарсы күрес жұмысын ұйымдастыру барысы, берілген тапсырмалары, осыған қатысты 1992 жылы «Мир труда» газетінде жарияланған мақаласы құнды құжаттар ретінде көрсетіліп отыр.

 

Қара өлең ұйқасының зергері теріс саясат жөнінде жалынды ойларын еркін көсіле жырлаудан қаймықпай, поэзия тілімен де сипаттай білді. Қанатты сөзді қазынам деп таныған көсемсөз шеберінің ішкі жан дүниесінің сыры тербелген ғибратқа толы өлеңдерінен бүгін де өнеге алатындар қаншама. Мағжан аудармашылықпенде айналысқан. Әлем әдебиеттерінің классиктерінің көптеген туындыларын қазақшаға тәржімалаған.

Осындай абзал жанға халық жауы деген айып тағылғаны қалай. Аяусыз қуғынға ұшырағандықтан өткеннен сыр шертер жәдігерлер тым аз сақталған. Өмір жолы асыл ақынның мөлдір лирикасы мен құнды құжаттары бүгінде 7 қорда жиналыпты. Бас-аяғы 22 материал. Мәскеу, Омбыда оқығандығын растайтын құжаттар да көрмеден орын тепкен. Ату жазасына кесілгені мәлім болғанымен өлімін растайтын құжат тіркелмепті. Мұрағатшылар бұл аса құнды қағаздар зерттеушілерге тарихтың ақтаңдақ беттерін ашуға септесетініне сенімді.

 

Жеңіс Ермұқанов