Қоғам

Алимент төлемесең – ел аумағынан шықпайсың

 

Андрей Хрипунковтың әйелімен ажырасқанына 10 жыл болыпты. Отбасының шырқы бұзылғаннан бері тұрақты табыс көзінсіз отырған жұмыссыздар санатында. Сөйте тұра бір амалын тауып, өз баласының өміріне салғырт қарамайтын әке ұлы Вячаславқа тиесілі алиментті үзбей төлеп тұрады.

 

Андрей Хрипунов:

– Баламды дүниеге әкелгесін аяғына нық тұруына жағдай жасауға міндеттімін. Кішкентайымның тууы ең бақытты сәтім. Бірақ тағдырдың жазуымен өмірімнің мәні мен сәнін көре алмай жүрмын. Әйелім кездесуімізге тыйым салды. Қатты сағынамын. Тым болмаса қаржылай демеуім жетіп жатқанына қуаныштымын.

 

Сот орындаушылары жауапсыз әкелерді осылайша міндетін абыройлы орындауға шақырады. Борышын өтеуден бұлтарып жүргендерді тәртіпке үндеу үшін ашық шекара акциясы ұйымдастырылып отыр. Жылдың басынан ғана алимент төлеуден жалтарып жүргендерге қатысты 450 арыз түскен.

 

– Бұрын ажырасу деген қазаққа мүлдем жат қасиет болатын. Қазір бұған ешкім мән бермейді. Алимент төлемейтін әкелерді үкімет құрықтау керек деп санаймын.

– Туған балаңа көмек қолын созбау бұл нағыз тас бүйректілік. Ешқандай шариғатқа жатпайды. Туғанынан безгендерді қатаң жазаға тарту керек.

 

Жалпы облыс орталығында алимент төлеу бойынша үш мыңнан артық құжат толтырылған болса, 100-ге жуығы борышын өтеуден мүлдем бас тартқандарға қатысты. Бүгінде олардың жалпы қарызы 100 млн теңгеден асып кетіпті. 1000-ға тарта азаматтың қарызы бірден жалақыдан аударылады. Заң бойынша айлықтың 4/1 баласына тиесілі.

 

Қарлығаш Абаева, СҚО сот актілерін орындау бойынша департаментінің аға сот орындаушысы:

-Тұрақты еңбекпен қамтылмағандардың дүние-мүлкіне тыйым салынады. Кейін олар саудаға шығарылып қарыз өндіріледі. Міндетін үш айдан артық орындамаса, 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып төлеуге мәжбүрленеді. Немесе 180 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Биыл 37 ата-ананың ел аумағынан шығуына шектеу қойылды.

 

Егер де бұған мүлдем көнбейтіндер табылса, қылмыстық жауапкершілікке тарту жағы да қарастырылған. Ондай безбүйректерге 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Туғанынан бас тартқан жерлестеріміздің бірі былтыр темір торға тоғытылыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов