Бизнес және экономика

Жеке істі дамыту мүмкіндігі

 

 

Бүгінгі күні Аққайың ауданына қарасты Смирнов елді мекенінде жас кәсіпкерлер саусақпен санарлық. Солардың бірі – Сейілбек Тілеубаев. Ол 4 жыл бұрын жиһаз цехын ашқан. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жоғары, кез келген еліміздегі іргелі банктен төмен пайызбен несие алу мүмкіндігі бар. Бірақ олардың қойып отырған шарттары тиімсіз дейді жас кәсіпкер.

 

Сейілбек Тілеубаев, кәсіпкер, Аққайың ауданы:

– Банктерден несие алу үшін кепілдікке жылжымайтын мүлік қою қажет. Ал ісін енді ашқалы жатқан жас азаматтың қандай мүлігі бар дейсіз. Онымен қоса қамыстан салынған үйлер жарамайды. Ал ауылдық жерлердің көбінде ескі баспаналар. Арзанға бағаланады.

 

Шыны керек, келешек ел тізгінін ұстайтын жастар арасында кәсіпкерлер өте аз. Алдыңғы аға толқынның ізін басып, шаруаға білек сыбанып кіріскен жас шамалы. Бұл жалғыз аққайыңдықтардың ғана қордаланып қалған мәселесі емес. Аудандық маслихат жиынында осы мәселе талқыланды.

 

Сергей Елисеев, Аққайың аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Жас кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсету жұмыстары да ұдайы жүргізіліп тұрады. Бизнесті қолдау орталығы тегін кеңестер береді.  

 

Маусымның 3- інен бастап өз ісін ашамын деген жас кәсіпкерлерді қолдауға 3 млн теңге көлемінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бір ай ғана жүргізілетін шараға ниет білдіріп жатқандар да некен-саяқ дейді жиналғандар. Ол үшін тек бизнес-жоспар құрып, құжаттар тапсырса болғаны. Жыл сайын берілетін гранттарға қол жеткіземін деп талпынғандар бұған дейін де байқалмапты. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлікті тіркеу үшін де барлығы оңтайландырылған.

 

Мақсат Хамзин, Аққайың аудандық салық басқармасының бас маманы:

-Қазір жеке кәсіпкерлікті тіркеу үшін 4 қана құжат қажет. Жыл сайын заңнама өзгеріп, кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалуда. Дегенмен ниет танытушалар саны аз.  

 

Бүгінгі таңда ауданда 390 жеке кәсіпкерлік, 219 шаруа қожалық пен 84 ЖШС жұмыс жасауда.