Балалар

Жас натуралистер слеті

 

 

Айыртау ауданынан ат терлетіп келген топ облыстық сынға 1 аптадай дайындалыпты. Өңіріміздің, өз аудандарының экологиясын зерттеген қыздар реферат әзірлеп, өсімдік тұқымдарының түрлерін саралаған. №42 мектеп оқушылары үшін де алғашқы – таныстыру сыны артта қалды. Өз құрамасын «Жасыл десант» деп атаған қыздар қаламыздың қай жерінің ауасы лас екенін анықтаған. Зерттеу жұмыстарын қыс мезгілінде жүргізіпті.

 

 Альбина Мужуканова, №42 орта мектеп оқушысы:

-Қаланың әр ауданынан қар жинап, ол ерігеннен кейін судың ластану мөлшерін байқадық. Осылайша, қаламыздағы ауасы таза жер саябақ екеніне көз жеткіздік.

 

Жалпы, облыстық жас натуралистер слеті 18 құраманың басын қосты. Олар 3 кезеңде бақтарын сынады. Алғашқысында өздерін таныстырса, екінші кезеңде қатысушылардың білімдері таразыланды. Ал ең соңында үміткерлер өз зерттеу жұмыстарын қорғайтын болады.

 

Ирина Морозова, Петропавл қалалық жас натуралистер станциясының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі меңгерушісі:

-Мұндай байқаулар бізде жиі ұйымдастырылады. Оның негізгі мақсаты – жастарды қоршаған ортаны қорғауға тарту. Осындай конкурстар арқылы олар облысымыздың экологиясымен танысып, зерттеулері арқылы туындаған мәселені шешуге үлестерін қосады.

 

Жас натуралистер станциясында бүгінде 53 үйірме бар. Осы оқу жылында онда 735 жеткіншек тәрбиеленген.

 

Айдана Демесінова