Қайырымдылық

Талма дертінен айығу үшін 6 жасар жерлесімізге қаржылай демеу қажет

 

 

 Карина 6 жастан енді асты. Ол туа біткен талма дертіне шалдыққан. Дегенмен де кішкентай қыз әкесі жұмыстан оралғанда онымен қосылып ән айтқанды жақсы көреді. Тек дұрыс сөйлей алмайды. Десек те талпынысы өте зор дейді ата-анасы. Каринаны дертінен айықтыру үшін басына ота жасау қажет. Яғни, кішкентай қыздың әке-шешесінің бар үміті германиялық дәрігерлерде. Отаға қажетті 72,5 мың еуро жиналған. Дегенмен де жол қаражатына тағы 2 мың еуро керек.

 

Анжелика Павлова, Каринаның анасы:

-Германиялық дәрігерлер Каринаға симптоматикалық эпилепсия диагнозын қойды. Бұл былтырғы жылдың наурыз айында ғана белгілі болды. Бұған дейін отандық және ресейлік дәрігерлерге қаралдық. Бірақ, олар дұрыс диагноз қоя алмады. Қызымның ауруы асқынып, күніне 140 рет талмасы ұстайтын еді. Енді, бұрынғыдай жиі емес. Германиялық ақхалаттылардың берген дәрілерін қабылдаудамыз. Ол талманың ұстауына уақытша да болса көмек болуда. Дегенмен ота жасату қажет.

 

Каринаның алғашқы ауруының белгілері дүние есігін ашқаннан кейін, 4 сағат өтер-өтпестен байқалған екен. Тек, 5 жылдан кейін ғана германиялық дәрігерлер нақты диагноз қойыпты. Сөйтіп, ата-анасы отаға қажетті қаражатты жинай бастапты. Қол ұшын беретіндер де өз тарапынан мейірімділік танытқан.

 

Анжелика Павлова, Каринаның анасы:

-Бастапқыда Каринаға қажетті соманы жинай алмаймыз деп ойладық. Дегенмен БАҚ өкілдерінен естіген жұрт өз көмектерін көрсете бастады. Сөйтіп, 4 айдың ішінде қажетті соманы жинап алдық. Бізге көмек көрсеткен қайырымды жандарға алғысымыз шексіз.

 

Каринаның отасы Германияда 17 шілде де жасалмақ. Яғни, кішкентай қыз ауруханада 2 ай жатып емделеді. Ота ойдағыдай сәтті өтсе, 6 жарым жастағы қыз мектепке бара алады.

Бану Ахметова