Құқық қорғау органдары

Қоғамдық тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі

 

 

Күні-түні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, қылмыспен күресуден талмайтын полиция қызметкерлері кәсіби мерекелерін тойлауда. Жауапты мамандықты таңдаған жерлестеріміздің саны бүгінде 2 мыңнан асып отыр. Тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Осы кәсіптегі қызметкерлерге жоғары талап қойылады. Сіздерге берілетін қатаң баға ол азаматтардың Қазақстан полициясының әр қызметкеріне деген қарым-қатынасы және сенімі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты өз жолдауында ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам деп атап өтті.

 

Өңіріміздегі ішкі тәртіпті сақтауда аянбай еңбектенген азаматтар өңір жетекшісінің құрмет грамотасына ие болды. Осындай жетістікке қол жеткізгендердің қатарында Жомарт Елемесов те бар.

 

Жомарт Елемесов,  Петропавл қаласы ІІБ аға анықтаушысы:

-12 жылдан бері анықтау бөлімінде аға анықтаушы болып жұмыс істеп жатырмын. Облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталғаныма қуаныштымын. Өз міндетімді одан да жақсы атқарып, халқыма қызмет етемін.

 

Сондай-ақ, аймақ басшысы ІІД 21 қызметтік автокөлік пен 34 скутердің кілтін табыс етті. Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы бұл көліктер тәртіп сақшыларының жұмысының нәтижелі болуына серпін беретінін айтты.

 

Мұрат Ұрымханов, СҚО ІІД бастығы:

-Құрметті ішкі істер органдарының ардагерлері, әріптестер! СҚО ІІД басшылығының және жеке өз атымнан сіздерді кәсіби мереке Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймын! Бұл мереке құқықтық тәртіпті қорғаудың көптеген ұрпақтармен салынған ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсібилігі мен батырлығына көрсетілген құрмет болып табылады.

 

Жергілікті билік өкілдері де полицейлер жұмысының нәтижелі болуына қолдау көрсетуде. Биыл облыстық ІІД материалдық-техникалық базасын нығайтуға 255 млн теңге бағытталыпты. Ағымдағы жылдың 5 айында ауыр қылмыстың саны 8 пайызға, ал аса ауыр қылмыс көрсеткіші 16 пайызға дейін төмендеген.

ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен өңір жетекшісі Самат Ескендіровке «Қазақстан полициясына 20 жыл» төсбелгісі табысталды.

Бірқатар қызметкердің мерзімінен бұрын шені көтерілді. Владимир Зиборовқа полковник шені берілді.

 

Владимир Зиборов, СҚО ІІД тылдық қамтамасыз ету басқармасының бастығы:

-20 жыл бойы міндетімді абыроймен атқаруға тырыстым. Елдің, халықтың игілігі үшін қызмет еттім. Бүгін, міне, соның жемісін көріп отырмын. Мерзімінен бұрын полковник погонын таққаныма қуаныштымын.

 

Бұл салада жұмыс істеп жатқан нәзік жандылардың да еңбері жоғары бағаланды.

 

Самал Қасенова, СҚО ІІД мемлекеттік күзет қызметі бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

-Мен осы салада 17 жыл бойы істеймін. Бүгін облыс әкімінің алғыс хатын алдым. Өте қуаныштымын.

 

Жалпы бұл күні 180 полиция қызметкері марапатқа ие болды.

Осыдан кейін оқтай түзу сапқа тізілген тәртіп сақшылары саппен жүрудегі шеберліктерін көрсетті.

Соңыра өңір басшысы мен келген қонақтар «Динамо» стадионын аралады. Ол толығымен жарақтандырылған екен. 2 айдай мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Айдана Демесінова