Қоғам

Тұрғындарды қаңғыбастар алаңдатып отыр

 

Бану Ахметова, тілші:

-Күз мезгілі келісімен мына жерді үй-күйсіз жүргендер мекен етеді екен. Оған көп уақыт болыпты. Сол кезден бастап тұрғындардың тыныштығы кеткен. Не күндіз, не түнде ұйқы жоқ. Сонымен қатар бұл жерді қаңғыбастар қоқыс алаңына айналдырған.

 

Тұрғылықты жері жоқ мына азамат қоқыс ақтарғанды күнделікті әдетіне айналдырған. Қарны ашса, тамақ қалдығы бар. Айы оңынан туса – бағалы зат тауып алуы да әбден мүмкін. Бұл сияқты қаңғыбастарды қаламыздың кез- келген жерінде кездестіруге болады. Дегенмен де олар күн суыта мынау сияқты жылу желілерінің маңайын паналайды. Бұнымен қоймай, сауық сайран салып, көңілдерін көтереді екен.

 

Валентина Посохова, Ружейников көшесі, 68 үйдің тұрғыны:

– Бұл жерге қаңғыбастар жиыла қалса, біздің тыныштығымыз қашады. 7-8 адам болып келді. Полицияны да шақырттық. Пайдасы жоқ. Бәрібір осында қайта оралады. Олардан қалған қоқысты әрдайым өзім жинаймын.

 

Шыдамның да шегі болса керек. Жыл сайын қайталанатын көріністен мезі болған үй тұрғыны Валентин Посохов шағымын айтып көп жерге барып, табан тоздырған.

 

Валентин Посохов, Ружейников көшесі, 68 үйдің тұрғыны:

– Бұл проблемамен бірнеше рет 2-ші жылу электр орталығының басшысына шағымдандым. Кеше ғана жұбайым осы мәселемен тағы да сонда барды. Бірақ, энергетиктер бұл проблема шешілген депті. Бар болғаны жылу камерасының үстін пластикалық қақпақпен жапты. Оның пайдасы шамалы. Өйткені құлыпталмаған. Сондықтан да көше қаңғыбастары мұнда еш кедергісіз кіре алады.

 

Жуырда ғана энергетиктер бұл жерде жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Сөйтіп, ондағы көше қаңғыбастарынан қалған қоқыстарды сол жылу камерасының жанына шығарып тастаған.

 

 

Валентин Посохов, Ружейников көшесі, 68 үйдің тұрғыны:

– Біздің үйдің жанында болғандықтан қоқысты өзіміз шығаруға мәжбүрміз. Егер де энергетиктер бұл жерді құлыптап жауып қойғанда, тұрғылықты жері жоқтар жылу камерасына кіре алмаушы еді. Проблема да болмайтын. Бірақ 2-ші жылу электр орталығының басшысы Хаменко сөз берумен ғана шектелуде.

 

Мәселенің түйінін тарқату үшін біз “Қалалық жылу жүйесі” кәсіпорнына хабарласқан болатынбыз. Энергетиктер екі тәулік өткеннен кейін ғана осы проблемаға қатысты жауап қайтарды. Бір қызығы олар сұхбатты осы проблема орын алған жерде берді. Себебі жылу камерасының қасында жатқан қоқыс жоқ. Ашық жатқан жылу камерасының да маңайы жабылыпты.

 

Александр Попов, “Петропавлдық жылу жүйесі” ЖШС бас инженерінің орынбасары:

– Ружейников көшесіндегі 500 диаметрлік жылу магистралін ауыстырдық. Жоспарлы түрде жылу камерасын да тазаладық. Бірақ уақытылы қоқысты жинай алмадық. Бұл жылу камерасын жыл сайын қаңғыбастар пана етеді. Бұдан тек тұрғындар ғана емес біз де жапа шегіп отырмыз. Өйткені біз жылу камерасын жауап тастайтын болсақ, апаттық жағдай орын ала қалса, онда кіре алмаймыз.

 

Осылайша энергетиктер жыл сайын қаңғыбастардан қалатын қоқысты да өзіміз жинап жүрміз деп ақталды.

 

 

Бану Ахметова