Без категории

Петропавлда Қожаберген жыраудың мерейтойына арналған шаралар өтуде

 

Қожаберген жырау қазақ халқының тұтастығы мен бірлігі, тәуелсіздігі мен еркіндігі жолында жан аямай күрескен тарихи тұлға. Ақын, қазақ халқының әскерiн басқарған қолбасшы, әйгiлi ғұлама, шежiрешi. Биыл атақты жерлесіміздің туғанына 350 жыл толып отыр. Осыған орай Петропавлда «Қожаберген жыраудың әдеби мұрасы және Тәуелсіз Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Еліміздің түкпір- түкпірінен ақын, жазушылар, қоғам қайраткерлері жиылды.

Сонау қайғылы «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» заманы төнгенде, Қожаберген жыраудың «Елiм-ай» эпопеялық жыры қазақ халқының рухын көтеріп, даңқын асқақтатты. Бүгінгі күні жырау бабамыздың мұрасын ақынның ұрпағы да зерттеп, өз еңбектеріне арқау өтіп жүр.

 

Күлзи Бисары, Сегіз серінің ұрпағы:

-Мен тарихшы ретінде Қожаберген жыраудың өмірін, шығармашылығын зерттеп, оны тарих оқулықтарында баяндауға тырыстым.

 

Қожаберген жырау өз заманындағы қоғамдық, әлеуметтік жағдайды қазақ елінің ішкі-сыртқы ахуалын жырға қосқан. Әйгілі ақынның шығармашылығымен Қытайдағы қандастарымыз да танысып, баба мұрасын насихаттауға өз үлесін қосып жүр.

 

Мемлекет қайраткері Қожаберген Толыбайұлының 350 жылдығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес ел көлемінде аталып өтілуде. Осыған орай жазба ақындардың «Елім-ай!» деп өткен есіл ер» атты республикалық жыр мүшәйрасы өтті. Жыр додасына қатысуға 50-ден астам азамат ниет білдірсе, жүзден жүйрік мыңнан тұлпар атанған 10 ақын бүгінгі байқауда бағын сынады. Сайыс қатысушыларына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров сәттілік тіледі.

Ұларбек Нұрғалымұлы елордамыз Астана қаласының намысын қорғауға келіпті. «Қазайтыс» сайтының бас редакторы Қожаберген жыраудың мүшайрасына «Бас сардар» деген өлеңін әкеліпті.

Аталмыш жыр додасында өңір намысын Жарқын Жұпархан қорғады. Ол «Елімайдан туған мұң» атты өлеңін қазылар алқасының назарына ұсынған.

Мүшайраға ақындар 3 өлеңнен әзірлеген. Оның біреуі- Қожаберген жырау рухына бағышталса, екіншісіне «Елім-ай» дастаны арқау болды, үшіншісі – еркін тақырыпта жазылған.

Мүшайра қортындысы бойынша 3-ші орынды астаналық ақын  Ұларбек Нұрғалымұлы мен алматылық Рысбек Дәлей бөлісті. Елордалық Әділғазы Қайырбеков жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. Ал алматылақ Темірғали Көлбаев бірінші орынды жеңіп алды. Бас жүлде  Қожаберген жырауға арнап поэма жазған қарағандылық  Абзал Бөкенге тиді.

Ертең ұлы бабамыздың торқалы тойына жиналған қауым Қожаберген жыраудың туған жері Жамбыл ауданына барып, мұражайын аралап, рухына тағзым етеді.