Әр түрлі

Петропавлда 40-қа тарта жер телімі жеке меншіктен мемлекет қарамағына қайтарылмай отыр

Журналистерді алдымен құрылысы тоқтап қалған Достық алаңындағы сауда- ойын-сауық орталығының тағдыры қызықтырды. 2004 жылы іргетасы қаланған ғимарат үш жылдың ішінде тапсырылуы тиіс еді. Алайда қалалықтар үшін ерекше нысан тұрғызамыз деген алматылық ” Батыс реал груп” компаниясы істі тындырмай көзден таса болды.

 

Валерий Затай, СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Облыс әкімі Самат Ескендіровтің тапсырмасымен иелеріне хат жолдап бірнеше мәрте қоңырау шалдық. Басшылары құрылысты жалғастырып, істі соңына жеткіземіз дейді. Әзірге берген уәделерін орындауға кіріскен жоқ. Қазір біз жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу үшін әрекеттеніп жатырмыз. Келіссөздер мен қағаз машақаты1,5 жылға созылуы мүмкін.

 

Бүгінде кезінде жекеменшікке өтіп, тиісінше пайдаланылмаған жер телімдерін қайтару жағы қолға алынған. Жергілікті атқамінерлердің осындай 40 аумаққа қатысты шешімдері жоққа шығарылыпты. Себебі қазір облыс орталығында құрылыс жүргізетін бос орын жоқтың қасы.

 

Есенгелді Қарбаев, СҚО жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Вокзал аумағын қайтарып алу үшін үш жыл бойы күрестік. Тіпті іс Жоғарғы сотқа дейін жетті. Қазір бос қаңырап тұрған аумақта саябақ құрылғанын білесіздер. Жалпы 400 мың Га ауыл шаруашылық жерлері мүлдем игерілмеген. Ниет танытушылар табылмай отыр. Ал облыс орталығында жер телімін аламын деушілердің өтінішін қанағаттандыра алмаймыз. Бос орын мүлдем жоқ.

 

Билік басындағылар мен бұқараны байланыстырушы қалам иелері облыс орталығын абаттандыру мәселелерін де көтеріп қалды. Мәселен “Береке” ауданында бірнеше көпқабатты үйдің пәтер кілттері табысталған. Алайда ауланы көгалдандыру жағы әлі ескерілмеген.

Ратмир Усманов, CҚО құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Ол үйлердің маңында тағы 13 баспана салынып жатыр Биыл үшеуін, келесі жылы өзгелерін аяқтау межеленген. Оларға ортақ инженерлік желілер тартылмайынша абаттандыру жұмыстары жүргізілмейді. Екі рет шығынданудың қажеті жоқ.

 

Жуық арада облыс орталығының сиқын бұзып тұрған бірнеше көше жаңартылатыны мәлімделген болатын. Ондағы әбден тозған үйлер мен нысандар жермен жексен етіледі. Есесіне бұзылған ғимараттардың орнына зәулім баспаналар мен заманауи әлеуметтік нысандар бой көтермек. Бас аяғы 227 жер телімінде кешенді құрылыс басталмақ. Бұл шаралардың қала ажарын аша түсетіні анық. Алайда ауқымды жоба аясында қиратылатын нысан иелерін шығынның қайтып өтелетіні мазалап отыр. Тұрғындардың мұңын жоғарыдағыларға тағы БАҚ өкілдері жеткізд.і

 

Ратмир Усманов, CҚО құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Үй бұзылмас бұрын иесіне басқа баспана таңдау мүмкіндігі беріледі, немесе нарықтағы құны өтеледі. Егер де үкімет берген үйдің бағасы қымбатырақ болса, айырмасы тұрғындарға жүктелмейді. Ал қиратылған нысан құны жоғары болса, онда иесіне артылған шығын толықтай өтеледі. Қазір бұл мақсатқа қалалық қазынадан 140 млн теңге қарастырылды.

 

Сондай-ақ баспасөз маслихатында апаттық үйлердің мәселелері айтылды. Тұрғындардан көлік тұрақтарының жетіспейтіндігі жөніндегі түскен шағымдар  да назарсыз қалмады. Өңір құрылысшылары бұл төңіректе жұмыстар атқарылып жатыр деп сендірді. Келесі брифингте білім және денсаулық салаларының мәселелерін талқылау жоспарланған.

 

Жеңіс Ермұқанов