Билік

Жастарды еңбекпен қамту үшін барлық жағдайлар жасалуда

 

Алдымен өңір басшысы арнайы ұйымдастырылған көрмені аралап, одан соң білім ошағының материалдық-техникалық базасымен танысты. Солардың бірі электротехника зертханасы.

Бұдан соң Самат Ескендіров белсенділердің басын қосқан алқалы жиынға қатысты. Күн тәртібінде “Еңбекпен қамту- 2020” бағдарламасына жастардың қатысуы, “Дипломмен -ауылға” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулу секілді бірқатар мәселелер қаралды.

Биылғы жылы жастар іс-тәжірибесі жобасы шеңберінде өңірімізде 763 адамды еңбекпен қамту көзделген. Студенттік еңбек биржасына тартылатындар да осы шамалас.

 

Виктор Молодавский, СҚО жастар саясаты істері жөніндегі басқарма жетекшісі:

-Бірнеше жыл жұмысын тоқтатқан студенттердің құрылыс отрядын қайта жаңғырттық. Олар студенттік еңбек биржасымен бірлесіп тиімді әрекет етуде. Осы орайда биыл 2 мыңнан астам адамды еңбекпен қамту көзделіп отыр. Одан бөлек жаз мезгілінде тағы 1200 адамды жұмыспен қамтимыз. Биыл студенттерден еңбекке орналасу туралы 623 өтініш түскен болатын, қазіргі күні олардың 615 өз напақаларын тауып жүр. Сондай-ақ студенттік еңбек биржасында 285 кәсіпорын ұсынған тағы 500-ден астам бос орын бар. Ниет еткендерге қолдау болады.

 

Осы жазда құрылыс саласына тартылатын жастар саны 600. Ал табиғат тазалығына өз үлестерін қосатын «Жасыл ел» отрядына қатысуға ниет еткендер саны 320 студент. Бұдан соң «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысы талқыланды. Ол жайында жиынға қатысушыларды еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жетекшісінің орынбасары құлағдар етті.

 

Асхат Кенжеболатов, еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жетекшісінің орынбасары:

Жыл басынан бағдарламаға қатысушылар саны 1335 адам адам болса, олардың 500-і 25 жасқа дейінгілер. Біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарына бағытталғандар 83 адам. Әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқандар 212, ваканттық орындарға жіберілген жас мамандар 52. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

 

Еңбекпен қамту бағытында тимирязевтіктер көш соңында келеді. Өңір басшысы жағдайды оңалтуды тапсырды. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы өңірімізде сәтті жүзеге асуда. 4 жыл ішінде елге еңбек етуге аттанғандар саны 2 мыңға жуық. Жас мамандарды ауылға көптеп тартуда Ақжар ауданы өзгелерден оқ бойы алда келеді.

Күн тәртібінде қаралған соңғы мәселе бұқаралық спортты дамыту. Өңірімізде салауатты өмір салтын ұстанғандар саны 150 мыңға жуық. Олардың 80 мыңын жастар құрайды екен. Бұл орайда мәселе де жоқ емес. Соның бірі аудандарда жастарды спортқа баулитын жаттықтырушылардың жетіспеушілігі. Мәселенің шешу жолдарын спорт басқармасы мен аудан басшылықтары бірлесіп қарастырулары қажет.  Жастарды еңбекпен қамту тұрғысында мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиісті деңгейде жүзеге асыру қажет. Ол еліміздегі жұмыссыздар санын қысқартуға септігін тигізеді.

 

Самат Есмағи