Балалар

Түлектер күні

 

Қимас балалық шақпен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған бұл түлектер үшін бүгін ерекше айтулы күн. Ата-аналар мен ұстаздары үшін олар кеше ғана мектеп табылдырығын аттағандай. Енді, жауапты үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Ал, бұл жиынның басты сәні өз қатарластарының алды, ата-анасының мақтанышына айналған түлектердің кеші. Яғни, 2013 жылдың үздік түлектері. Оларға облыс әкімі Самат Ескендіров сәттілік тіледі. Биылғы жылы еліміз бойынша ҰБТ нәтижесінде өңір 2-ші орында тұр. Солтүстікқазақстандық түлектің 29-ы «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдеді. Олармен бірге ерекше аттестат алған 20 оқушы мен халықаралық білім бәйгелерінде жүлдегер атанған 48 түлек және ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушыларға облыс әкімі мектеп бітіру туралы құжаттары мен ақшалай сыйлық берді.

Осы күні өңір жетекшісінің қолынан алтын төс белгісін Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат түлегі Данияр Сейітов те алды. Күні кеше ғана түлекке апелляциялық комиссия  Қазақстан тарихынан ұпай қосу туралы берілген өтінішін қарап, бір балл қосқандығын хабарлапты. Міне, енді ол ерекше аттестат емес, алтын белгіге ие болып отыр.

 

Данияр Сейітов, “Алтын белгі” иегері:

– Қуанышымда шек жоқ. Ата-анам да, мұғалімдерім де мені құттықтады. Алдағы уақытта ҚБУ түскім келеді. Техника мамандығын меңгерсем деймін.

 

ҰБТ 112 ұпай жинаған Айыртау ауданы Саумалкөл №1-ші орта мектебінің түлегі Ардақ Жиенғалиева да “Алтын белгі” алды. Өмірін медицина саласымен байланыстырғысы келетін түлектің қуанышында шек жоқ.

 

Ардақ Жиенғалиева, “Алтын белгі” иегері:

– 11 жыл бойы үздік деген бағаға оқып, ҰБТ жоғарғы ұпай жинадым. Ата-анамның, ұстаздардың үмітін ақтадым деп ойлаймын. Болашақта мен өзімнен үлкен үміт күтемін. ЖО түсіп дәрігер болсам деймін.

 

Халықаралық байқаулар мен олимпиадаларда топ жарған Самал Сәрсенбай да осында. Ә. Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат түлегі де облыс әкімінің сыйақысына ие болды.

 

Самал Сәрсенбай, халықаралық байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпазы:

– Биыл матиматика және жобалау атты халықаралық олимпиадаға қатыстым. Сөйтіп, ҰБТ босатылған болатынмын. Бір жағынан өз білімімді халықарпалық дәрежеде сынап көргеніме қуаныштымын. Болашақта Евразиялық ұлттық университетке түскім келеді. Учет және аудит мамандығын меңгермекпін.

 

Шынында да, оқушының жеңісі, ұстаздың жеңісі екені рас. Дей тұрғанмен ұстаздар қауымы өздерінің 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан оқушыларын қимай қоштасуда.

 

Данияр Уәлиев, қалалық классикалық гимназия директорының міндетін атқарушы:

– Биыл қалалық классикалық гимназиядан 62 оқушы қанат қақты. Соның екеуі алтын белгі иегері атанса, тағы бірі ерекше аттестатқа ие болды.Әрине біз түлектерімізді қимаймыз. Дегенмен де олар үшін жаңа өмірдің шыны басталып жатыр.

 

2013 жылдың үздік түлектеріне ата-аналар да сәт сапар тіледі.

 

Гүлбадан Жангужина:

– Бүгін менің балам Мереке де алтын белгі алды. Біз баламызды мақтан етеміз. Дей тұрғанмен қобалжу да бар. Биылғы жылғы бітіріп жатқан барлық түлектерді осы айтулы күнмен құттықтаймын. Оларға үлкен өмірдегі қадам басқан жолдары ақ, еліміздің бетке ұстар азаматтары болып, аңсаған армандарына жете берсін деп тілеймін.

 

Сонымен, мектеп өмірі артта қалды, енді алға жарқын болашаққа жаңа мақсат-арман жетелейді.

 

Бану Ахметова