ТЖ

Құтқарушылардың жаттығулары сәтті өтті

 

Қазір орындалатын жаттығудың шарттары мейлінше шынайы болмақ дейді мамандар. Сондықтан іс-қимыл басталмас бұрын 2 жақтың құтқарушылары сап түзеп, тиесілі бағдарын анықтап, сценариймен танысты. Олардың міндеті – қайғылы жағдайдың орын алуына жол бермеу.

 

Евгений Обухов, СҚО ТЖД ТЖ алдын алу бөлімінің басшысы:

-Бұл жаттығуды жеке құрамның тосын сәттерде бірден шешім қабылдап, күрделі іс-қимылдарды тез арада орындау дағдыларын қалыптастыру үшін ұйымдастырдық. Бұдан басқа осыған төтенше жағдайлар департаменті, Жамбыл ауданына қарасты орман мекемелері, ІІБ, жедел жәрдем және өртке қарсы еріктілер тобы жұмылды.

 

Тілсіз жау адамдардың салғырттығынан туындаған. Желдің күшімен екпін алған өрт Солтүстік Қазақстан мен Қорған облысын бөліп тұрған шекара жанындағы орманға бет алған. Қызыл жалынды ауыздықтауға 1-ші болып орман мекемесінің қызметкерлері аттанды.

 

Роман Руковичников, РФ ТЖМ Қорған облысы бойынша өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

-Осындай жаттығуларды кемінде 3 жылда 1 рет өткізіп тұрған жөн. Өйткені орман өртімен арпалыс -қиынның қиыны. Бұл кесел тіршілік иелеріне шығын әкеліп, адамдар өмірін жалмайды.

 

Әншейін жаттығудың өзі үлкен шығын әкеле жаздады. Тілсіз жау бой бермей, жақын маңда тұрған техникаларды жалмағысы келген. Бірақ төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері алдын ала әзірлеген айла-тәсілдерін ұтымды пайдаланды. Бұған мына “Пурга 5” деп аталатын құралмен көбік шашқан.Сол сәтте күйік шалған күзетшіге де медициналық көмек көрсетілді.

Жалпы өрт шарпыған аумақ – 5 гектар. Құтқарушылар жалынды ауыздықтап жатқанда, үлкен жүк техникасы орманды айналдыра жыртып тастады. Көп ұзамай жергілікті өрт сөндірушілерге қорғандық әріптестері қосылды. Бірлескен күш жемісін беріп, орманды шарпыған өрт толықтай ауыздықталды. Бірақ жұмыс біткен жоқ. Құтқарушыларға тағы да жаңа қоңырау келіп түсті.

Кейін мына жалын қас-қағым сәтте маңайдағы үйлерге ауыз салған. Тұрғындарды полицейлер қауіпсіз орынға алып шықты. Құтқарушылар өртті сөндіруге жылдам кірісті. Жедел қимылдаудың арқасында барлығы артта қалды. Тілсіз жаудан бір үй зардап шекті. Мамандар оқу-жаттығу сәтті өтті дейді.

 

Сейітжан Құрлеуітов, Жамбыл ауданына қарасты мемлекеттік орман мекемесі директорының орынбасары:

-Облыс әкімінен ақырғы 2-3 жылда ақша бөлініп, қаншама техника алынды. Өрт сөндіретін құрал-жабдықтар алынды. Орман біздің зор байлығымыз. Осыны біз алдағы уақытта ұрпақтарымызға сақтап, беруіміз керек. Осындай жаттығулар жиі-жиі болып тұрса, алдағы уақытта мүлде болмайды деп сенемін.

 

Осылайша, екі жақтың жеке құрамынан қатысқан шамамен 80 адам шеберліктерін көрсетті, 22 арнайы техника тартылды.

 

Берік Қасен