Құқық қорғау органдары

Прокуратура қызметкерлері жер пайдалану бойынша жүргізген тексерістерін қорытындылады

Прокуратура қызметкерлері тексеріс жұмыстары барысында жер телімдерін дұрыс пайдаланбау фактілерін анықтаған. Кей жерлестеріміз жайылымға, егін егуге арналған аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізген. Кейбіреулері жерді мерзімінен артық пайдаланған. 2011 жылы қаламызда мұндай 500 факт тіркелсе, 2012 жылы оның саны 600-ге дейін жеткен. Аудандарда да дәл осындай олқылықтар орын алыпты.

 

Самат Темірбаев, облыс прокурорының көмекшісі:

– Тайынша ауданында 53 мың га жер пайдаланылмаса, Ақжар ауданы бойынша 18 жер учаскесінен бюджетке 3 млн теңгеге жуық қаржы түспеген. Қызылжар ауданында 15 млн теңгеден астам қаржы бюджетке өндірілмеді. Жамбыл ауданында да осындай жағдай орын алған.

 

Прокурорлардың айтуынша бүгінгі күнге дейін мемлекетке 2 мың га астам ауылшаруашылық маңыздағы жер телімі қайтарылды. Оның жалпы құны 54 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ сотта 8 өтініш қарастырылуда. Жайылымға берілген жер телімдерінің де пайдаланылуында қателіктер анықталып отыр.

 

Есенгелді Қарбаев, СҚО бойынша жер қатынастары басқармасының бастығы:

– Облыс бойынша жайылым жерлердің көлемі жетерлік. Тек оларды тиімді бөлу қажет. Көптеген ауылшаруашылығы тауар өндірушілерге берілген жерлер мақсатты пайдаланылмауда. Қазір аталған жер телімдерін қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз.

 

Алқа отырысының жұмысына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров осы бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

 

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Туындап жатқан сауалдар орынды, қаншама жер телімдері сот арқылы алынды, қаншасы өз еркімен бас тартып жатыр. Жер қатынастары басқармасы бұл бағытта сапалы жұмыс жасауы керек.

 

Кездесу соңында жауапты орган басшыларына жерге қатысты заңбұзушылықтардың санын азайту бағытында бірқатар тапсырма жүктелді.