Энергетика

Жылу желілері жаңартылуда

 

№2 жылу магистралі  жылу желісінің негізгі күре тамырларының бірі болып табылады. №4 насос станциясынан басталған жаңғырту жұмыстары қазіргі күні Абай көшесі бойында жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 200 метр жердің тоңы қопарылып алынған.

 

Игорь Осняч, Петропавл жылу желілері» ЖШС директорының орынбасары:

-№4 насос станциясынан басталған жұмысты Әуезов көшесінің соңына дейін жүргіземіз. Жөнделіп жатқан участокты бірер күнде тәмамдап, Жамбыл көшесінің қиылысына шығамыз. Жалпы биылғы жұмыстарымызды қыркүйек айының басында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Игеретін қаржымыз 480 миллион теңге.

 

Жаңғырту жұмыстарын қыркүйек айында аяқтау межеленген. Қажетті материалдар мен жұмысшы күшінен тапшылық жоқ. Мамандар туындаған ыңғайсыздыққа қала халқын түсінікпен қарауға шақырады.

 

Игорь Осняч, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директорының орынбасары:

-Жөндеу жұмыстарына байланысаты аталмыш аумақта көлік қозғалысын тоқтаттық. Ол уақытша ғана. Сонымен қатар ата-аналардан жаңғырту жүргізіліп жатқан аумаққа балаларды жібермеуін сұраймыз.

 

Аталмыш аумақта 30 адам еңбек етуде. 20 тарта техника жұмылдырылған. Жер астындағы құбырлар жаңаға алмастырылмақ. Олардың жалпы ұзындығы 900 метр болса, бүгінге дейін 200 метріндегі жұмыстар аяқталған.

 

Сергей Данилов, машинист-экскаваторшы:

-Ауа райының ашықтығын мейлінше пайдаланып жатырмыз. Жұмыстар кестеге сай жүруде. Белгіленген межеде аяқтаймыз деп ойлаймын. Десек те қиындықтар да жоқ емес, жер астымен тартылған кабельдерге келген кезде бәсеңсіп қаламыз.

 

Қазір жаңғырту жүргізіліп жатқан аумақтағы көпқабатты екі тұрғын үй уақытша ыстық судан ажыратылған. Бірақ ол жөндеу жұмыстары аяқталысымен бірден берілетін болады дейді мамандар. Ал жұмыс орталыққа қарай ойысқанда ол маңдағы үйлерге ыстық су қосымша көзден берілмек.

 

Самат Есмағи