Билік

Үкіметте от пен судан қорғану мәселелері қаралды

Жыл басынан 57 қазақстандық суға кеткен. Су құрбандарының 13-і жасөспірімдер. Қайғылы оқиғалардың барлығы белгіленбеген қауіпті аудандарда тіркеліпті. Жалпы ел бойынша қармақ салып, балық аулауға және суға түсуге арналған 5 мың су көзі бар. Арнайы күзетілетін жағажайларда 114 адам өлім аузынан қалған. Үкімет басшысы Серік Ахметов әсіресе өзен-көлдерді жағалаған балдырғандардың сақтығын қатаң бақылауды тапсырды. Өткен тәулік ішінде 6 баланы су жұтқан. Былтыр 12 мың жеткіншек бұндай келеңсіздікке тап болмас үшін малтуға үйретілді. Биыл оқыту бағдарламасына суда жүзуге машықтану сабағы енді. Сондай-ақ Премьер-Министр әр аймақта қоғамдық құтқару бекеттерін құрудың маңыздылығын атап өтті. Күн жылып, жер кебісімен өрт сақшылары үшін де аса қауырт маусым басталды. Биыл республикада 75 табиғи апат орын алды. Тілсіз жау 2 мыңнан артық Га аумақты құртыпты. От жалмаған тоғайлардың шығыны 8 млн теңге. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың айтуынша, өртті ауыздықтауға 24 мың құтқарушы мен 4 мың техника дайын. Оған қоса әр өңірде ерікті жауынгерлік жасақтар құрылып жатыр. Отырыста жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ден қойылды. Жыл басынан ғана 6800 жол көлік оқиғасы тіркелген. Оның 6 мыңы жүргізушілердің абайсыздығынан. Нәтижесінде 938 адам қаза тауып, 8700-і жарақаттанды. Апаттардың басым көпшілігі елді мекендерде орын алған. Ішкі істер министрінің айтуынша, бұған әбден тозған жолдардың кесірі тиіп отыр. Екіншіден көлік қатынауы бірнеше есеге артқан. Мәселен, қазір әрбір төртінші қазақстандық – темір тұлпар иесі. Серік Ахметов жол қозғалысын қатаң бақылауға алуды жүктеді. Селекторлық байланыс үзілгесін облыс әкімі Самат Ескендіров көтерілген мәселелер бойынша жергілікті атқамінерлерге бірқатар тапсырма берді.

 

Cамат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Біздің көрсеткіштеріміз ел деңгейінде жаман емес. Бұған қанағат тұтпай, жағдайды жақсартып, қауіпсіздік шараларын күшейту керек. Бұл деңгейден аспаудың жолдарын қарастырғанымыз жөн. Әсіресе білім басқармасы мен төтенше жағдай департаменті жазғы сауықтыру лагерьлерін үнемі бақылауда ұстағаны дұрыс.

 

Жеңіс Ермұқанов