Спорт

Шағын футболдан тәртіп сақшылары арасындағы ел чемпионаты

Ел чемпионатына қатысушыларға облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов сәттілік тіледі. Бұдан кейін «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамының жалауы көтерілді. Бұл құрмет өткен жылы ел чемпионатында бас жүлдені алған ҚР ІІМ командасының капитаны Нұрболат Маймақовқа бұйырды. Осыған дейін Ақтау қаласында самбодан өткен чемпионатта бұл команда 5-ші орынд болса, Астанада волейболдан ұйымдастырылған жарыста бас жүлдені қанжығасына байлапты. Бұл жолы да команда шағын футболдан ел чемпионы атансақ деген үмітте.

 

Нұрболат Маймақов, жарысқа қатысушы:

-Бұл жарысқа осымен 4-ші рет қатысып отырмыз. 3 жыл 1 орын, 1 жыл  екінші орын алдық. Жарыс өте тартысты өтеді. Өткен жылы бірінші орын алдық. Осы бетімізден таймақ емеспіз.

 

Құқық қорғау және күш құрылымдары арасында өтетін бұл чемпионат соңғы 5 жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы шағын футболдан 10 команда бақталаспақ.

 

Николай Князев, «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы спорт басқармасының басшысы:

– Бұл биылға өтіп жатқан үшінші чемпионат. Алғашқысы Маңғыстау облысында самбодан өтті. Оған құқық қорғау органдарының  252 қызметкері қатысты. Екіншісі Астанада волейболдан ұйымдастырылып, оған 12 команда қатысуға ниет танытты. Бұл бұрынғыға қарағанда қатысушылардың санының артқандығын байқатады. Ал келесі тартысты дода қоян-қолтық күрестен Ақтөбеден тамыз айында өтпек.

 

Ел чемпионатының ашылу салтанаты аяқталысымен жарысқа қатысушылар шағын футболда бақтарын сынауға кірісті. Жарыстың қорытындысы  маусымның 21-і күні белгілі болады. Онда жүзден жүйрік шыққан командалар кубок, диплом және медальдармен марапатталмақ.

 

Бану Ахметова