Ауыл шаруашылығы

«Сәтті» бағдарламасы жүзеге асырылуда

 

Иван Кальченко 7 жыл бұрын ағаш өңдеумен айналысуға бел буыпты. Ісі өрге домалап, жеке кәсіпкерлігін құрған екен. Техника паркінде 3 трактор бар. Алайда олар әбден ескіріпті. Сондықтан азамат жаңа техника алуды жоспарлап жүрген. Алайда 5 жылдай бұл ойын жүзеге асыра алмады. Кейін «Сәтті» деп аталатын жаңа бағдарлама жайлы естіп, оған қатысуға ниет танытқан. Осылайша 3,5 млн теңгеге несие рәсімдеп, жаңа тракторға қол жеткізді

 

Иван Кальченко, «Кальченко» ЖК директоры:

-Бүгін МТЗ-82 тракторын сатып алдым. Бұл техникаға Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ұсынған «Мурабаха» бағдарламасы арқасында ие болдым. Шарттары тиімді. Пайызы төмен.

 

Жерлесіміз алдағы уақытта да осы сынды бағдарламаларға қатысамын деп отыр. 2011 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен Ислам Даму Банкі келісімге қол қойды. Осыған сәйкес ауыл шаруашылық тауар өндірушілері мен ауылдық кәсіпкерлерге «Сәтті» бағдарламасы негізінде несие берілуде. Басты талап – исламдық экономикалық қағидаттарды ұстану.

 

Айдар Түлеев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚОФ бас несие менеджері:

– «Сәтті» бағдарлмасының «Мурабаха» және «Салам» шағын несиелік өнімдері жұмыс істеуде. «Мурабаха» негізгі құрал-жабдықтар, биологиялық активтер сатып алуға арналған. Несиенің сомасы – 25 000 АҚШ долларынан артық болмау керек. Жылдық табыстылық ставкасы – 9,5 пайыз. Бұл несие 48 айға дейін беріледі. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда немесе жылына бір рет жүзеге асырылады.

 

Бүгінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалына 5 өтініш түсті. Оның барлығы қолдауға ие болыпты.

 

Айдана Демесінова