Мәдениет

Біртұтас ұлттың ұйытқысы – қазақ тілі

 

Қалалық әкімдікте мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Біртұтас ұлттың ұйытқысы- қазақ тілі» атты дөңгелек үстел өтті. Шарада қазақ тілінің мемлекеттік қызметте қолданылуы мен өрісінің кеңеюі сөз болды.

 

Алтынай Сыздықова, Петропавл қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

-Шараның мақсаты- мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы атқарылатын жұмыстарды саралау, алдағы міндеттерді айқындау.

 

Мемлекетті тілдің өрісі ел болып жұмылғанда кеңейеді. Қазір қазақ тілін үйренуге ниет еткендер үшін арнайы тегін курстар жұмыс істейді, әдістемелік материалдар да жетерлік. Тек талпыныс болса болғаны.

 

Аманғали Уәлиев, қалалық білім бөлімінің бас маманы:

-Бұрындары қазақ тілінде сөйлейтіндер аз болса, қазір олардың саны біршама көбейді.

 

Шара барысында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты байқаудың қортындысы да жарияланды. Мемлекеттік тілдің ахуалы туралы өткір де өзекті материалдар жариялаған тілшілер кәсіби мереке қарсаңында 4 номинация бойынша марапатқа ие болды. Арнамыздың екі қызметкері де солардың қатарында. «Диалог» бағдарламасында тіл туралы өзекті мәселелерді қозғағаны үшін әріптесіміз- Данаш Хамзина дипломға ие болса, тілші Гүлнар Қалидің де еңбегі жоғары бағаланды.

 

Гүлнар Қали, Муниципалдық телеарна тілшісі:

– Кәсіби мереке қарсаңында еңбегімнің еленгені әрине қуантады. Журналист болғандықтан біз кез-келген ұлт өкілімен араласып, әр түрлі сала мамандарымен жұмыс істейміз. Сондықтан мемлекеттік тілді білу парыз деп санаймын.

 

Аталмыш байқауға белсенді қатысқаны үшін «Қазақстан- Петропавл» арнасының тілшісі Фариза Жазитова да алғыс хатпен марапатталды.

 

Фариза Жазитова, «Қазақстан- Петропавл» арнасының тілшісі:

-Осындай байқаулар жиі өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұл журналистердің шығармашылық тұрғыдан дамуына септеседі.

 

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында жыл басынан мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі оннан астам іс-шара өткізіпті.

 

Айымгүл Әбілева