Ауыл шаруашылығы

Уәлиханов ауданында шегіртке шықты

Бітік шыққан ырыс дәнін түрлі зиянкес жәндіктер мен арам шөптерден уақтылы қорғасаң, төккен терің ақталып, мол астыққа кенелесің. Ал зиянкестерді анықтап, олардың қаншалықты қауіпті екенін тексеру фитосанитарлардың міндеті. Бұл жұмыстар мынадай әдіспен жүргізіледі. Ол нәтижесіз де емес. Қалың шөптің арасын арнайы сүзгімен өтсең, жәндіктердің мына секілді бірнеше түрін ұстауға болады. Бірақ олардың арасында егістікке қауіп төндіретіні жоқ

 

Жаслан Омаров, ҚР АШМ “Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы” ММ СҚОФ маманы:

-Шегірткелердің фишер шөптесіні, ақбас, қарабас, итальяндық прус секілді бірнеше түрлері бар. Егіс алқаптарына ең зияндысы итальяндық прус деп аталады. Олар топтық шегірткелер қатарынан. Әзірге тек Уәлиханов ауданында анықталды. Жайылған алқабы 3700 гектарды құрайды. Бірер күнде оларды дәрілеу жұмыстарын бастаймыз.

 

Биылғы жылы зиянкестерге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізілетін жалпы аумақ 202 мың гектар болса, бүгінгі күні олардың 50 пайызы өңделген. Мамандар бұл жұмыстарды діттеген мерзімде аяқтаймыз деп отыр. Жасыл өскіндерге қауіп төндіретіндердің тағы бір түрі ол шалғын көбелегі. Қазір олардың өріс алатын шағы. Фитосанитарлар шаруалар қауымына егістік алқаптарына бақылауды күшейтіп, сақтық шараларын қолға алу керектігін ескертеді.

 

Петр Дмитриенко, ҚР АШМ “Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы” ММ СҚОФ басшысы:

-Бүгінде облысымыздағы жағдай қалыпты. Шегірткенің жаппай жайылуы байқалмайды, себебі түнгі ауа райы салқын болып тұр. Дегенмен кез-келген жағдайға дайынбыз. 58 адамнан құралған 14 бригадамыз бар. Олар Ресеймен шекаралас аумақтарды тексеріп өтті. Қазір Қостанай мен Ақмола облыстарымен шектескен аудандарды бақылауда ұстауда.

 

Өңіріміз Ресейдің бірнеше облыстарымен шектеседі. Зиянкестер өзімізде болмағанымен басқа жақтан ауып келуі мүмкін. Мәселен, топтық шегіркелер тәулігіне 150 шақырымға дейінгі жерді бағындырады. Сондықтан «сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы есте ұстанған абзал.

 

Самат Есмағи