Білім

“Нұрлы көжек-2013” байқауы

Әзірге “Нұрлы көжек” байқауына қатысушылар дайындықтарын пысықтауда. Өйткені олар зерттеген жобаларын ауызша қорғамақ. Қалалық классикалық гимназияның 2 сынып оқушысы Мирас Қарбай “Қынамен асық бояудың ерекшелігі” тақырыбын таңдапты. Бастауыш сынып оқушысы жобаны әзірлеу үшін 1 жыл көлемінде ізденген. Сөйтіп, асықты қынамен бояу адамның денсаулығына зиянсыз екенін дәлелдемек. Мұнда Есіл ауданының намысын қорғап келген Эльдар Шанкинмен де тілдестік. Оның жобасы өте қызықты. “Қазақтың ақбас сиырлары” деп аталады. Мал шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосқысы келетін Ильинка орта мектебінің 5 сынып оқушысы жобасын 4 ай зерттепті. Облыстық байқауға балабақша тәрбиеленушілері де түсуде. Олар жобаларын тәрбиешілерінің көмегімен қойылым түрінде көрсетеді.

Байқаудың бірінші кезеңі сырттай өткен болатын. Онда 250 қатысушының 221 жобасы ұсынылған. Ал, бүгінгі іріктеудің екінші кезеңінен 63 баланың жұмысы таңдап алынған. Облыстық сыннан сүрінбегендер 1,2 дәрежелі диплом және ақшалай сыйақыға ие болады.

Бұл байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің арасында Есіл ауданы Явленка ауылының «Балапан» балабақшасына тиесілі болды. Ал, бастауыш мектеп оқушыларының арасында бірінші орынды Ғ.Мүсірепов ауданының намысын қорғаған Жұлдызай Омарова жеңіп алды.

 

Бану Ахметова