ТКШ

Бесқабатты тұрғын үйді жөндеуге 51 млн теңге бөлінді

 

Досмухамбетов көшесіндегі 17-ші үйдің іргесі 1992 жылы қаланыпты. Сол уақыттан көпқабатты баспана жөндеу көрмеген. Әсіресе үйдің шатыры әбден тозған. Соңғы жылдары төбеден су ағып, тұрғындардың мазасын қашырыпты. Инженерлік желілер де сыр бере бастаған.

 

– Мен осы үйдің 4-ші қабатында тұрамын. Шатырымыздан жаңбыр жауса, қар ерісе, су ағады. Сондықтан қиындықтар көп болды.

 

– Бізде көбі зейнет жасындағы адамдар. Бала-шағамыз бар. Электр желілері жиі істен шығып, санитарлық жағы да біраз әуреге салады.

 

Бір сөзбен, үй толықтай күрделі жөндеуді талап етіп тұр. Тұрғындардың басым көпшілігі құрметті демалыстағы аға буын өкілдері болғасын кешенді жаңартуға мұршалары келмейтін көрінеді. Сондықтан оған қажетті қомақты соманы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында несиеге алуға бел буыпты. Баспана иелері түгелдей жаңашылдықты қолдап, жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылдың сәуір айынан басталыпты. Қазір 1800 шаршы метр аумақты алатын тегіс шатыр көтеріліп жатыр. Үйдің төбесін бітеп түгендеу жұмыстарына 32 млн теңге қарастырылған. Мердігер “Компания ЭЗАР” ЖШС. Барлық подъездердің апаттық жағдайдағы шатырлары да алмастырылатын болады. Сметалық жоба аясында инфрақұрылым толықтай жаңартылады. Кәріздік желі қалпына келтірілмек. Қопарыла бастаған іргетас күшейтілмек. Тұрғындар ұлттық жоба арқылы бір оқпен екі қоянды атып алмақшы. Бірден ортақ үйлерін қысқа дайындап алу жұмыстары кірістірілген. Жылыту желісі жаңадан тартылып, 2 элеваторлық торап, тағы сонша боулер орнатылады. Бар шаруаның құны 51 млн теңге.

 

Жеңіс Ермұқанов