Құқық қорғау органдары

Аққайың ауданында жылқы ұрлағандар ұсталды

 

Ұрылар жайылып жүрген 11 бас жылқының екеуін қолды қылған. Оқиға орнына жеткен полицейлер ол жерден кебек салынған қаптарды тапты. Барымташылар қамбар ата тұқымдарын алдап жем беру арқылы ұстапты. Түлік иесі шығын құнын 900 мың теңгеге бағалап отыр.

 

Марат Әлжанов, Аққайың аудандық ІІБ бастығының бірінші орынбасары:

– Мал ұрлығына қатысты ақпарат түсісімен арнайы жоспар құрып, жедел іздестіру шараларына кірістік. Ол нәтижесіз болмады. Барымташыларды қолға түсірдік.

 

Іздестіру шараларына арнайы үйретілген иттер мен кинологиялық орталықтың мамандары да жұмылдырылған. Ақыры қолды болған жылқылар қай жаққа кеткендігі анықталды. Түнгі уақытта жолдарға торуыл қойылып, маңайдағы ағаштар сүзіліп, қала шетіндегі жеке тұрғын үй маңайлары мен ет өткізетін орындар бақылауға алынған. Арнайы жүргізілген шара барысында барымташыларды бірінші болып мал иесі аңғарып қалады, бірақ ұры ізін жасырып үлгерген. Таң ата арқандалған жылқы табылып, артынша қаскөй де қолға түсті. Ол шолақ мылтықпен қаруланған Жұмысшы кентінің 42 жастағы тұрғыны болып шықты. Жауап алу барысында ол сыбайластары екінші жылқыға мініп басқа бағытқа кеткендігін айтып берді. Көп ұзамай тәртіп сақшылары оларды да қолға түсірді. Біреуі Бензострой, екіншісі Сенной базада тұрады. Олар бұған дейін мал ұрлығы және есірткі затын сақтағандары үшін жазаларын өтеп шыққандар.

 

Күдікті:

-Ауыл шетінде жайылып жүрген жылқыларды алысырақ айдап әкетіп, жем бердік. Осылайша екеуін ұстап, жүген салып мініп кеттік. Қалаға жеткізіп, етке өткізуді жоспарлаған болатынбыз.

 

Қазіргі кезде жедел уәкілдер қаскөйлердің берген түсініктемелерін тексеру үстінде. Аталмыш фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ұрылар тергеу абақтысына қамауға алынды.

 

Самат Есмағи