Қоғам

Петропавлда банан өсірілді

 

Ботаникалық баққа банан көшеті былтырғы жылы Вьетнамнан әкелініп, наурыз айында тамыры жерге басылған болатын. Міне биыл тропикалық өсімдік алғашқы жемісін берді. Өсімдіктің биіктігі 3 метрге жетеді.

 

Наиля Темірбаева, экскурсия жетекшісі:

– Банан жемісін бергеннен кейін, өсімдік тіршілігін жояды. Ал, қасынан жаңасы өсіп шығады. Яғни ол вегетативтік жолмен көбейеді.

 

Мұнда бананның екі түрі бар. Жұмақ бананының біреуінің өзінде кем дегенде 200-ден астам банан пісіп жетіледі. Және тропикалық өсімдікке арнайы күтім де қажет.

 

Наиля Темірбаева, экскурсия жетекшісі:

– Банан жылы жерде өседі. Өсімдіктің пісіп, жетілуі үшін температура жоғары болуы керек. Көбіне мұнда келген бүлдіршіндер қызығып тамашалайды.

 

Сонымен қатар ботаникалық бақта 36 орхидея гүлі бар. Өсімдіктің ванда деп аталатын тұқымы алғаш рет гүл жарыпты. Бұл өсімдіктің бір ерекшелігі тамыры жерден нәр алмайды, керісінше ашық ауада тыныс алып өседі. Және көп дымқылды қажет етеді. Негізінде ботаникалық бақтағылар орхидея гүлін өсіруді екі жыл бұрын қолға алыпты.

 

Бану Ахметова