Білім

Кембридж әдісімен біліктілігін арттырған ұстаздар емтихан тапсырды

 

3 айлық курстардан өтіп, сынақ тапсырғандардың қатарында Шал ақын ауданы Сергеев қаласындағы қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі  Гүлмира Шәниева да бар. 14 жыл ұстаздық қызмет атқарған маман аталмыш курстар кәсіптік шеберлікті жетілдіруге, қызметте жаңа әдістерді қолдана отырып, жұмыс жасауға септеседі дейді.

 

Гүлмира Шәниева, Сергеев қалалық қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Шал ақын ауданы:

-Бұл курстан өзімізге аларымыз өте мол болды. Көп жаңашыл әдіс-тәсілдерді үйрендік. Біздер үшін ол өте маңызды  деп айта аламын.

Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған жоба  әлемдік озық тәжірибелерді есепке ала отырып жасалған. 3 деңгейден тұратын курста мұғалімдер білім мен тәжірибесін арттырып қана қоймай, оқытудың әлемдік әдістеріне қанықты.

 

Мирамгүл Ілясова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық өлшеулер орталығының бағалаушы сарапшысы:

-Ұстаздар бір ай теорияны меңгерсе, қалған уақытта практикаға көп көңіл бөлді.

 

2012 жылдан бастап еліміздің ұстаздары Педагогикалық шеберлік орталығы мен «Өрлеу» ұлттық педагогтардың біліктілігін арттыру орталығынан үш деңгейлі оқыту бағдарламасына сәйкес дайындықтан өтуде. Аталған бағдарламаны Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогтары Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген. «Педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін жаңғыртып, қайта іске қосуға арналған бесжылдық жоба қабылданғалы өңіріміздің 600- ге жуық ұстазы қайта даярлау курстарынан өткен.

 

Айтбибі Өркешова, СҚО педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары:

-Сынақ өткен уақыттан бері 564 адам тестілеуден өтті. Сынақтан өте алмаған азаматтар қайта тапсыру мүмкіндігіне ие болады.

 

Күзде тағы 200- ге жуық өңір ұстаздары аталмыш бағдарлама бойынша сынақтан өтетін болады.