Спорт

Ауыр атлеттер спорттың жаңа түрінен күш сынасты

 

 

Спорт десе ішкен асын жерге қоятын Амир Загрутдинов кроссфитте де өз бағын сынамақ. Қысқы және жазғы көпсайыс түрлерімен айналысатын жігіт кроссфит барлық бұлшықеттің қозғалысын талап етеді, бұл денеңнің шынығуына жол салады дейді.

 

Амир Загрутдинов:

– Бұл әрі жекпе-жек, әрі күш арттыратын жаттығулар, ауыр атлетика, сонымен қатар экстремальды жағдайлардан шығуға арналған жаттығулар.Мен өзім спортты жақсы көремін. Бүгінгі жарыста да күш сынасуды жөн санадым.

 

Тарихы АҚШ-тан бастау алған спорт түрі бүгінгі таңда көптеген елдерде күш жетілдіру мен спорттық пішінді қалыптастырудың негізгі бағдарламасы болып табылады. Қаламызда осы іспетті жарыс алғаш рет өтті. Қатысушылар саны аз болғанымен, түрлі сайыстарда өз бағын сынап көремін деген әртүрлі жастағы ер азаматтар табылды.

 

Денис Чурин, жаттықтырушы:

– Бірінші айналымда зіл темірді жұлқа көтеру, орнынан тұрып биіктікке секіру, брус снарядында білек күшін сынауды 15 реттен қайталады. Екінші айналымда 12 рет, ал үшіншіде 10 рет. Кім талаптарды қысқа уақытта орындаса, сол жеңіске жетеді.

 

Пішінін сақтағысы келетін адамдар артық салмақты тастап, сымбатты болуға ұмтылатын жандар үшін бұл таптырмас спорт түрі.

 

Елена Парфенова, жанкүйер:

– Бұл сайысқа спортпен шұғылданбаған адам қатыса алмайды. Өйткені физикалық тұрғыда үлкен дайындық қажет.

 

Жарыс қорытындысы бойынша 3-ші орынға  Павел Юхеменко тұрақтаса, 2- ші орыннан Артур Сүлейманов көрінді. Ал 1- ші орынды Кирилл Дудко ұтып алды. Жеңімпаздар сыйлықтармен, медальдармен марапатталды.