Көлік және жолдар

“Оқырмандар автобусы” акциясы

Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері 7-бағыттағы автобусты түрлі түсті шарлармен безендіріп жатыр. Бұл шаруаны тындырғаннан кейін олар кітаптар мен жорналдарды таратпақ. “Оқырмандар автобусы” акциясын ұйымдастырушылар осылайша солтүстікқазақстандықтарды жерлес ақын-жазушылардың шығармаларымен, өмірімен таныстыруды көздеп отыр.

 

Асыл Әкімжанова, кітапханашы:

-Бүгінгі іс-шарамызда біз жолаушылармен қызықты сұрақ-жауап ойынын өткізіп, жеңімпаздарға жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын тегін таратамыз.

 

Міне  безендірілген автобус орнынан қозғалып, міндетіне кірісті. Ал, осы қоғамдық көлікке мінген жолаушылар аң-таң. Олар үшін бұл бастама тосын сый болды.

 

 

-Жастар кітапты оқып, пайдалану керек. Шараның маңызы бар.

-Осы автобусқа мінгеніме қуаныштымын. Осылай болатынын күтпеген едім. Қызықты кітаптарды таратты. Қатты ұнады. Көңілімді көтеріп жіберді.

 

Қоғамдық көлікте кітап тарату акциясы қаламызда алғаш рет ұйымдастырылуда. Кәмила Мұқанова да бұл игі шараға өз үлесін қоспақшы. 8 жастағы қыз қатарластарына бос уақытты кітапханада өткізу пайдалы екенін айтып, кітап оқуға шақырып жатыр.

 

Кәмила Мұқанова:

-Акция туралы кітапханада естідім. Мен кітап оқуды жақсы көремін. Балаларға көп кітап оқысын деп тілеймін.

 

Кітапхана қызметкерлері алдағы уақытта да осы сынды қызықты шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

 

Айдана Демесінова