Спорт

Аулалық клубтар арасында үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылды

«Есірткісіз болашақ » атты ұранмен ұйымдастырылған бұл жарысқа 80-ге тарта жасөспірім қатысты. Дәстүрлі додада 20 құрама сайысқа түсті. Жартылай финалда «Достық » пен «Қайсар» командалары үздік атанып, ақтық сайысқа шықты.

 

Ирина Горелин, «Достық» құрамасының ойыншысы:

– Қарсыластарым тым осал деп айта алмаймын. Алайда қос партиялы үстел ойынында жеңімпаз атануыма әзірге ешкім кедергі жасай алар емес. Еш қиындықсыз алда келемін. Бұл жарыс шыңдалуыма сеп болды.

 

Әр команда ойыншылары өздерінің шеберліктерін танытып, спортқа деген қызығушылықтарын көрсете білді. Осымен 11-ші рет өткізілген турнир қаламызда үстел теннисінің дамуына серпін беріп келеді, – дейді ұйымдастырушылар.

 

Ирина Пюрко,  үстел теннисінен облыстың аға жаттықтырушысы:

-Жыл санап сайыскерлердің санымен қатар сапасы да артып келеді. Бұл бұқаралық спорттың әсіресе жастар арасында белең алуының белгісі. Біздің көздегеніміз де осы. Оқушыларды барынша салауатты өмір салтына баулып, спортқа тарту.

 

Аталмыш сайыстың ең жас ойыншысы 8 жаста. Екатерина Пюрконың спортқа ден қойғанына 2 жыл болыпты. Жігерлі жастың талпынысы да зая кеткен емес. Тынымсыз жаттығулары жеңісті жолдарын еселей түсуде.

 

Екатерина Пюрко, «Восход» құрамасының ойыншысы:

– Менің анам үстел теннисімен айналысады. Кішкентай кезімде оның ойындарын тамашалайтынмын. Бұл спорт түрімен айналысып жүргеніме 2 жыл болды.

 

Алдағы уақытта үздік атанған команда аулалық балалар мен жасөспірімдер клубтары арасында өтетін республикалық сайыста өңір намысын қорғайтын болады.

 

Біржан Қойшыбаев