Без категории

Петропавлға қала мәртебесінің қашан берілгені әлі күнге анықталмай отыр

Қала тарихы жайында алғашқы кітап 1913 жылы жарық көрген. Онда Петропавл бекінісінің құрылысы 1752 жылы басталған деген дерек бар. Бір кітаптарда көктем айы деп жазылса, екіншілерінде шілде айы деп көрсетілген. Бірақ нақты дата жоқ.

 

Күлкен Ахметова, СҚО мұрағат қызметінің ардагері:

-Сергей Пресняков пен Владимир Трусовтың еңбектерінде Петропавлдың іргетасы 1752 жылы қаланған деп көрсетілген. Бірақ 2005 жылы шыққан кітаптарында олар 1985 жылы шыққан кітапқа сілтеме жасапты. Алайда онда да қаланың нақты құрылған күні туралы ештеңе көрсетілмеген.

 

Мұрағаттағы деректердің бірінде Петропавлға қала дәрежесі 1807 жылы берілген деп жазылған. Бірақ онда да нақты күні көрсетілмепті. 12-шілде провославтардың діни мерекесі. Ол күні облыс орталығында әулие Петр мен Павелдің құрметіне Крест шеруі өтеді. Қаламыз Петропавл деп аталғандықтан халық шілденің 12-сі қала күні деп түсінеді. Бірақ ол жаңсақ пікір

 

Күлкен Ахметова, СҚО мұрағат қызметінің ардагері:

-Қаланың нақты құрылған күнін айғақтайтын құжаттар табылмаса, онда жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар мен зерттеушілердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Одан нәтиже шықпаса, онда халықпен ақылдаса отырып, күн белгілеу қажет деп ойлаймын. Әзірге қаланың нақты құрылған күні туралы датаға қатысты сұраққа айтар жауап жоқ.

 

Облыс орталығының тарихы терең. Алайда оның алғашқы қазығы қай жылдың қай айы, қай күні қағылғаны жайлы толыққанды мағлұмат жоқ. Нақты ақпаратты күткеннен басқа амал жоқ.

 

Самат Есмағи