Қоғам

ЕС 164-9 мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланды

 

ЕС 164-9  колониясында 100-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. Олар мұнда еліміздің әр өңіріндегі жалпы тәртіптегі түзету мекемелерінен ауыстырылған. Яғни, түзелу жолына түскендер. Солардың бірі – мына азамат.

 

Жазасын өтеуші:

-Сыбайлас жемқорлыққа бой алдырғаным үшін ҚР ҚК 311-бабы бойынша 5 жылға бас бостандығымнан айрылдым. Қызметімді пайдаланып пара алғаным үшін жазамды өтеудемін. Бұл – мен үшін үлкен сабақ болды. Заңның ала жібін аттауға болмайтынына көзім жетті.

 

Сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамасы колонияда ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысында кеңінен талқыланды. Оған аталмыш мекеменің барлық жеке құрамы қатысты. Қызметкерлер саны – 36. Олардың барлығы – кезектен тыс аттестациядан сүрінбей өткендер. Алайда, алтын көрсе, періште жолдан таяр дегенді де естен шығармаған жөн.

 

Мұрат Нәкенов, ЕС 164/9 мекемесінің бастығы:

-Ақшаға құныққандар заң бұзып жатады. Біздің міндетіміз – пара алу емес, керісінше, оның жолын кесу. Сыбайлас жемқорлыққа бой алдырғандарды заң бастан сипамайды. Сот алдында жауап беруге тура келеді. Ол кезде лауазымың да, атақ-шенің де есепке алынбайды.

 

Әзірге, аталмыш мекеме қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық заңнамасын бұзғандар жоқ. Ол болмайды да дейді мамандар. Себебі, жемқорлықтың алдын алу тұрғысында қолдан келген шаралардың барлығы жасалуда. Соның бірі – «Нұр Отан» партиясы мүшелерімен бірлесіп бекітілген арнайы жұмыс жоспары.

 

Рүстем Төлеев, ЕС 164/9 мекемесінің заңгері:

-Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында жемқорлықпен күресті күшейту керектігіне ерекше назар аударды. Ұлт көшбасшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру тұрғысында біз өз мекемемізде қолдан келген іс-шаралардың бәрін өткізудеміз. “Нұр Отан” партиясы өкілдерімен бірлесіп азаматтардан түскен өтініштерді сараптап, оған үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз.

 

Қалай десек те заңның ала жібін аттамас бұрын, оның арты не боларына зер салуымыз керек. Себебі, қылмыстың өтеуі – жаза. Осы қағида қашан да қаперіңізде жүрсін.

 

Самат Есмағи