Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аудандық маңыздағы қалалар және ауылдық, селолық округтер әкімдерінің сайлауына әзірлік басталды

 

Сайлау науқанын шілде айында бастау көзделіп отыр. Сондықтан да сайлау комиссиясының белсенді түрде іске кірісуіне аз-ақ уақыт қалды. Бұл шараға жауапты адамдар тиісті құжаттарды қолына алып үлгерді. Сайлау науқанын ұйымдастыру мәселелері мен оған дайындалу жұмыстарын талқылау үшін облыс орталығында семинар өтуде. Жиылғандарды ережелермен таныстыру үшін өңірімізге Орталық сайлау комиссиясының мүшесі келіп отыр. Мейман осы сынды саяси науқан елімізде бұрын да өткізілгенін жеткізді. 1999 жылы тәжірибе ретінде Алматы облысы, Қарасай ауданы Чемолган селолық округінің әкімін тұрғындар таңдаған екен.

 

Татьяна Охлопкова, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

-Сайлау науқаны сайлау заңнамасында көрсетілген ережелерге сәйкес жүргізіледі. Сайлауға қалалық, аудандық сайлау комиссиялары қатысады. Облыстық сайлау комиссиясының мүшелері қаржылық, техникалық және әдістемелік қамту жұмыстарымен айналысады. Ал орталық сайлау комиссияның мүшелері мұның барлығын бақылайтын болады. Сондай-ақ үміткерлердің бұл лауазымға қаншалықты лайықты екенін де жақсылап тексеру қажет.

 

Облысымызда биыл аудандық маңыздағы 4 қаланың және 190 селолық округ пен елді мекеннің әкімі сайланатын болады. Маңызды науқанға деген әзірлікті бүгіннен-ақ бастаған жөн. Сондақтан-да туындайтын мәселені де алдын-ала ойластырған абзал. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі жиылғандардың ұсыныстары мен сұрақтарын тыңдады.

 

Сергей Калинин, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

-Үміткерлер тапсыратын құжаттың бірі – табыс жөніндегі декларация. Мәселен бұл азаматтар ауқымды салық төлейді 100-200 мың теңге болуы мүмкін. Ал салық департаментінен ол 1000 теңгедей төлемеді деген қағаз келеді. Бұл үміткердің емес, салықшылардың қателігі деп ойлаймын. Осындай жағдайда не істеуге болады?

 

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі бұл жағдайдың назарсыз қалмайтынын айтты

 

Татьяна Охлопкова, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

-Біз салық комитетіне хат жолдадық. Сайлау науқанына қатысы бар мемлекеттік органдарды жинап, семинар өткіземіз. Сол жиында осы мәселені көтеріп, барлығымыз бірігіп түйінін тарқатамыз деген ойдамын.

 

Мұндай кездесулер республиканың әр облысында өтетін болады.

 

Айдана Демесінова