Қоғам

Петропавлда қала күнін ауыстыру мәселесі талқылануда

 

Қызылжардың тарихы тереңде. Бірақ көпшілік облыс орталығы әулие Петр мен Павелдың атымен аталғандықтан қала күнін солардың тарихымен байланыстырады. Сондықтан қала күні біраз жыл әулиелердің туған күні саналатын шілденің 12-де аталып өтіліп келген-тін. Қала әкімі Төлеген Закариянов діни мейрам-діни мейрам болып тойлануы керек, ал қала күніне басқа дата белгілеуіміз қажет дейді.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

-Әр қаланың туған күні болады. Ол тарих.Алайда соңғы 10 жыл шамасында қала күнін әулиелердің туған күнімен қатар тойлауда түрлі пікірлер айтылуда. 12 шілде православтардың діни мерекесі. Оны өзіндік рәсімдермен атап өту қажет. Себебі қала күнін тойлауда түрлі концерттік бағдарламалар, би кеші,отшашу ұйымдастырылып, халық емін-еркін көңіл көтереді. Сондықтан бұл күнді діни мерекемен қатар тойлау дұрыс емес деп ойлаймын. Қала күніне арнайы дата белгілеу қажет. Оны халықпен ақылдаса отыра бекітуіміз керек.

 

12 шілдеде облыс орталығында крест шеруі жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша өткізіледі.

 

епископ Гурий, Петропавл-Булаев епархиясының жетекшісі:

-Әр адамның өзінің туған күні, мерейлі мерекесі бар. Қаланікі де сол секілді. 12 шілдеде әулие Петр мен Павелдің туған күні тойланады. Ал қала күні мерекесін одан кейін де атап өтсе, артықтық етпейді.

 

Діни мерекеге ешкім шектеу қоймайды. Ал қала күнін онымен қабаттастырудың қажеті жоқ дейді аға буын өкілдері. Оған халықпен келісе отыра арнайы күн белгіленуі керек.

 

Григорий Кухарь, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Қала күні мерекесі бөлек болғаны дұрыс деп ойлаймын. Онда ұйымдастырылатын іс-шаралар да ауқымды өтеді. Кезінде біз қаланың өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды марапаттаудың 18 номинациясын белгілегенбіз. Сол үрдісті қайта жаңғыртар едік. Бір сөзбен айтқанда қаланың өзіне тиесілі жеке-дара мерекесі болғаны дұрыс.

 

Сонымен қала күнін әулие Петр мен Павелдің туған күнімен қабаттастырып өткізген дұрыс па, бұрыс па. Қала күнін атап өтуге байланысты нақты дата бекітілген жоқ. Ол халықтың пікірімен санаса отырып белгіленбек. Келісіп пішкен тон келте болмайды. Осыған қатысты ойларыңызды қалалық әкімдікке ауызша немесе жазбаша білдіре аласыздар.

 

Самат Есмағи