Қоғам

Масаға қарсы дәрі себілуде

 

Айдана Демесінова, тілші:

-Масалар көбіне ылғалы мол жерде ұялайды. Мұндай жағдайды туғызатын қаламызда 33 су тоғаны бар. Олардың 12-сі бүгінгі күнге дейін өңдеуден өтті.

 

Мамандар бірінші кезекте безгек масаларының дернәсілдерін жою үстінде. Олар әсіресе, қалың шөпте көп болады. Дәрілеушілер шашып жатқан мына улы зат сол қанаттылардың ұяларын жоюға арналған.

 

Татьяна Джулай,  “Ермолин” ЖК аға дәрілеушісі:

-Жазғы масаны улау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шаруа су айдындарында, саябақтарда атқарылуда. Лаврецид затын сумен араластырып, белгілі бір аумаққа шашамыз. Маса анағұрлым көп болса, улы зат та соғұрлұм көп кетеді. Шөпке де байланысты. Шөп қалың, әрі ұзын болса, жәндіктердің дернәсілі де тиісінше көп болады.

 

Мамандардың айтуынша, шашып жатқан препараттардың пайдасы зор. Оның тиімділігін 1 тәуліктен кейін-ақ байқауға болады екен. Улау жұмысы 1 шаршы метр аумақта 30-дан 100-ге дейін маса дернәсілі болған жағдайда жүргізіледі.

 

Татьяна Краснова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті  СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:

-Петропавл қаласындағы су айдындарының аумағы 84 га. Оның 38 гектары анофелогенді алаң болып табылады. Яғни безгек масалары дернәсілдерінің көбеюіне қолайлы жер. Оның барлығын өңдеуге қаражат аз. Сондай-ақ, биыл қыстың қарлы болғанына байланысты уақытша су тоғандары да пайда болды. Эпидемиологиялық қордан бөлінген ақша бұл жерлерде жұмыс жүргізуге бағытталмайды. Сондықтан да қан соратын жәндіктердің саны биыл артып отыр.

 

Жалпы, ауруды таратушы қансорғыш жәндіктердің көзін құрту үшін эпидемиологиялық қордан облысымызға 3 млн теңгеден астам қаражат бөлініпті. Бұл қаржының бір бөлігі аймақтағы кенені жоюға жұмсалса, тағы бір бөлігі белгілі аумақтарды масадан арылтуға бағытталмақ.

 

Айдана Демесінова