Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкіметте «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы талқыланды

 

Үкімет отырысында алдымен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы талқыланды. Жобаның әр тетігі қарастырылып, толықтырулар енгізілді. Бірінші бағытта инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жұмыс орындарын ашу көзделген. Яғни 2 қолға бір күрек таба алмай жүргендер жөндеу жұмыстарына тартылмақ. Бұған 57,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Осылайша 23 мың азамат еңбекпен қамтылмақ. Бағдарламаның екінші бағытында ауыл шаруашылық кәсіпкерлігін дамыту арқылы мәселені шешу жолы көрсетілген. Осы орайда шаруалар 3 млн теңгеге дейін шағын несиеге қол жеткізе алады. Сондай-ақ «тірек ауылдарды» дамыту оң жолға қойылмақ. Жалпы, 2-бағытты жүзеге асыру үшін 25,7 млрд теңге бөліп, 11 мың 400 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Үшінші бағыт білім беру және қоныс аудару арқылы жұмыспен қамтуды қарастырады. Бұл үшін де қомақты қаражат бөлінбек. Жалпы, үстіміздегі жылы тың жоба аясында 124 мың қазақстандықты еңбекпен қамту көзделген. Бұған 110,6 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл бағдарлама жиылғандардың қолдауына ие болды. Үкімет басшысы Серік Ахметов тұрғындарды бұл жобамен тез арада таныстыруды тапсырды.

Жиында парниктік газдар шығындарына квота бөлу жайы да сөз болды. Мұндай квоталарды үлестіру ағымдағы жылы пилоттық жоба ретінде іске асырылмақ. Оған 20 мың тоннадан астам парниктік газдар шығыны бар кәсіпорындар қатыса алады. Елімізде мұндай 178 өндіріс ошағы бар. Премьер-министр Серік Ахметов 2014-2015 жылдарға арналған квотаны үлестіру жоспарын бекітуді және заңнаманы жетілдіруді міндеттеді.

Сондай-ақ Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарының аяқталуы сөз болды.

Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін бұл мәселелер облыс көлемінде талқыланды. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін өңірімізге 2,3 млрд теңге бөлініпті. 1390 адам жобаға қатысуға ниет танытқан. Олардың 1334-і діттегеніне жетті.

 

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

-Бағдарламаға қатысқандардың тұрақты жұмыспен қамтылуына баса назар аударамыз. Осы мақсатта еңбекпен қамту орталығы  644 хаттама толтырды. 670 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 2 бағыт бойынша несиелендіруге биыл 600 млн теңге қарастырылған. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен бұл мәселелерді талқыладық. Шілденің 1-не дейін жоспарды орындамақпыз. Қазіргі уақытта 189 млн теңгенің 85 несиесі берілді.

 

3-ші бағыт бойынша да біраз шаруа атқарылуда. Құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бағдарлама бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл іске Ішкі саясат және өзге де басқармаларды, аудан әкімдерін жұмылдыру керек. Мәселені алдағы уақытта да қарастыратын боламыз.

 

Өңірімізде 20 мың тоннадан астам парниктік газдар шығыны бар жалғыз кәсіпорын – «Севказэнерго» АҚ. Өндіріс ошағы квота алуға өтініш жазыпты. Экологтардың айтуынша, бұл тізімге мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар енуі мүмкін.

 

Данияр Алиев, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

-Белгілі бір көлемде қиды үйгенде метан мен күкіртті сутек бөлінеді. Оның парниктік әсері өте жоғары. Бұл ресурсқа «Тайынша астық» ілігеді. 10 мың мал басы бар шаруа осылардың қатарына енеді.

 

Жиын соңында облыс әкімі Самат Ескендіров тиісті ведомстволар басшыларына тапсырмалар жүктеді

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бюджетті қабылдауда «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ғана емес, өзге салаларда да осы бағытта жұмыс жүргізу керек. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы аталған бағдарламаны жүзеге асыруға еш қиындықсыз кірісуі қажет. Бұл үшін мәселені жан-жақты қарастырып, қанша қаражат керектігін анықтаған жөн.

 

Айдана Демесінова