Ауыл шаруашылығы

“Сыбаға” бағдарламасының жүзеге асу барысы

«Гончаровка» серіктестігі ағымдағы жылдың сәуір айында өз қаражатына 60 бас ірі қара сатып алған. Көп ұзамай «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасына қызығушылық танытып, 22, 5 миллион теңге несиеге ие болады. Осылайша олар қорадағы зеңгібаба басын тағы 112 бас симменталь тұқымымен толықтырыпты.

 

Науан Дәуренбеков, «Гончаров» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

-«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалынан несие алдым. Шарттары мен үшін тиімді. Қазіргі таңда 122 аналық пен 15 бас аталық ірі қара бар. Төлдер саны 40.

 

Осылайша жерлесіміз солтүстіктің ауа райына төзімді етті-сүтті бағыттағы малдың санын көбейтуді мықтап қолға алған. Қазіргі таңда Науан Дәуренбеков жетекшілік ететін шаруашылықтың иелігінде 1000 га жайылым, 2 мың гектардан астам егістік алқабы бар. Одан алынатын жем-азық шаруашылықтағы төрт түлікке жеткілікті дейді серіктестік басшысы.

 

Евгений Лапин, «Гончаров» ЖШС бақташысы, Қызылжар ауданы:

-Бұл шаруашылықта жұмыс істеп жатқаныма 2 ай болды. Жалақыны уақытында төлеп тұрады. Жағдайымыз жаман емес, айына 45 мың теңге алып тұрамын.

 

Қазіргі күні шаруашылықта 300 басқа арналған мал қорасының құрылысы жүріп жатыр. Серіктестік басшысы алдағы уақытта «Ангус » тұқымды етті ірі  қара сатып алуды жоспарлап отыр. Жалпы өңірдің ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерден “Сыбаға” бағдарламасына қатысуға 54 өтініш түскен. Оның 47-сі қаржыландырылды.

 

Біржан Қойшыбаев