Қоғам

“Қызылжар су” ЖШС қыз-келіншектер зейнетақы жүйесін жаңғыртуды қолдайды

 

Облыс орталығын тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отырған “Қызылжар су” кәсіпорнына – 110 жыл. Қазіргі күні онда еңбек ететін әйел азаматшалардың саны 200-дің үстінде. Солардың бірі – Анна Горлова. Жасы 55-те. Жалпы еңбек өтілі 38 жыл. Оның 17 жылын аталмыш кәсіпорынға арнапты. Бұл жан үшін зейнеткерліктің ауылы алыс емес. Десек те келер жылдан бастап оның шегеріле беретінін естігенде шынымен де абдырап қалдым дейді Анна Дмитриевна. Бірақ Елбасының үндеуі көптің көңіліндегі күдікті сейілтті.

 

Анна Горлова, “Қызылжар су” ЖШС жеке тұлғалармен жұмыс бөлімінің маманы:

-Елбасы дұрыс шешім қабылдады. Президент жұрттың пікірімен санасты. Біздер үшін өте маңызды. Өзім де кезінде бақылаушы болып еңбек еттім. Ол оңай жұмыс емес, жыл бойына үй-үйді аралап түбіртек таратасың. Жасы келген адамға ол оңайға соқпайды. Жаңа заңда ауыртпалықтардың бәрі ескерілетініне сенім мол. Ұлт Көшбасшысы бала туып оның күтімінде отырған аналардың да зейнетақы қорларына мемлекеттен қаржы аударылатындығын атап өтті. Бұл барлық әйелдер үшін үлкен қуаныш деп білемін.

 

Елена Михельсоннның жасы 48-де. Аталмыш кәсіпорында еңбек етіп жатқанына 12 жыл. Елбасының жаңа зейнетақы реформасына қатысты үндеуін бастан-аяқ тыңдап шығыпты. Көңілге түйгені мол.

 

Елена Михельсон, “Қызылжар су” ЖШС операторы:

-Елбасы өз үндеуінде, еңбекақы есебінен зейнетақы қорына түсетін 10 пайыздық міндетті аударылымнан бөлек, жұмыс беруші де  сол есеп-шотқа 5 пайыз аударым жасап отыратындығын айтты. Біздер үшін үлкен қуаныш. Себебі зейнетақы қорымыздағы қаржы молая түседі. Ол алаңсыз қарттығымыздың кепілі.

 

Халық арсында алаңдаушылық туғызған зейнетақы реформасы келер жылы емес, 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілмек. Ол мерзімді Ұлт көшбасшысының өзі бекітті. Себебі олқылығы көп жаңа заң оған дейін жан-жақты таразылануы тиіс.

 

Самат Есмағи